Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

2026 жылға дейін медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін 435 нысан ашылады

2020 жылдың 16 қазан 2020 10:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2026 жылға дейін медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін 435 нысан ашу жоспарланған. Бұл жайында сенаторлардың депутаттық сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«КВИ-мен күрес бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлерін ынталандыру үшін тәуекел деңгейіне байланысты айына 212,5 мыңнан 850 мың теңгеге дейінгі мөлшерде жалақыға үстемеақылар төлеу жүзеге асырылады. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес ынталандыру үстемеақысын төлеу 2020 жылдың соңына дейін жалғасатын болады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 150 млрд теңгеге дейін бөлінеді. Бұдан басқа, аталған қызметкерлерге КВИ және вирустық пневмониямен ауру немесе олардан қайтыс болу жағдайлары бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-дан біржолғы әлеуметтік төлемдер төленеді», - деді Асқар Мамин.

Үкімет башсысының атап өтуінше, Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарларына сәйкес халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 2026 жылға дейін медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін 435 нысанды (2020 жылы – 197, 2021 жылы – 77, 2022 жылы – 95, 2023-2025 жылдары – 66), оның ішінде Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында 150 төсектік аудандық аурухана (2020 жылға арналған республикалық бюджетті алдағы нақтылауға мәлімделген) ашу көзделген.

«Бұдан басқа, Шымкент қаласын дамыту мен құрылыс салудың кешенді жоспарында 2023 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының жанынан 1000 төсектік көпбейінді аурухана салу жоспарланған», - деді Премьер-Министр.


Жоғары қарай