Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 34 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

2025 жылға дейін 2,6 млн жаңа жұмыс орны құрылады

2019 жылдың 29 қазан 2019 18:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2025 жылға дейін 2,6 млн жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еңбек нарығының құрылымы 2025 жылға қарай қалай өзгереді? 2019-2025 жылдар аралығында 2,6 млн жаңа жұмыс орны ашылады. Оның жартысы 41,6 трлн теңгеге қалыптастырылған жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен құрылатын болады. 2,6 млн жаңа жұмыс орнының 600 мың адам жұмыс күшінің таза өсуі, 2 млн адам – экономика салаларында жұмыс күшінің ағыны. Жұмыспен қамтылған халық саны 2018 жылғы 8,7 млн адамнан 2025 жылға қарай 9,3 млн адамға дейін өседі», - деді ол.

Сонымен бірге министр еңбек нарығының құрылымында сапалы өзгерістер болатындығын айтты. Мәселен, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесі 7,5 пайызға азаяды. АӨК, отын-энергетика кешені және өңдеу өнеркәсібінде ірі инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен экономиканың нақты секторында жұмыспен қамтылғандардың үлесі 3 пайызға өседі. Туризм үлесі және қызмет көрсету саласы 2 пайызға артады.

«Еңбек нарығын сыртқы және ішкі сын-қатерлерге бейімдеу үшін жағдайлар жасау мақсатында мынадай шаралар ұсынылады. Бірінші - жаңа жұмыс орындарын құрастыру. Инвестициялардың жаңа толқынын тарту, жаппай кәсіпкерлікті, туризмді, өңдеуші өнеркәсіпті, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және экономиканың басқа да перспективті салаларын дамыту үшін жағдайлар қалыптастыруға назар аудару қажет.

Оның айтуынша, екіншіден жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруды ескере отырып, кадрларды сапалы даярлауды қамтамасыз ету керек. Сұранысқа ие мамандықтарды оқытуға қол жеткізу де өте маңызды. Ол үшін жұмыс берушілерді оқыту үдерісіне тарту, сондай-ақ WorldSkills талаптарын ескере отырып, техникалық және кәсіби білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңарту және дуальді оқытуды дамыту керек.

»Үшінші. Жұмысқа орналастыру процесінің тиімділігін арттыру мақсатында жұмысқа орналастыру бойынша индикаторларды белгілей отырып, электрондық еңбек биржасын, халықты жұмыспен қамту орталықтарын одан әрі дамыту жөніндегі шараларды, сондай-ақ жеке жұмыспен қамту агенттіктерін тарту жөніндегі шараларды қабылдау қажет. Жалпы, 2025 жылға дейінгі кезеңде экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету үшін инвестицияның жаңа толқыны тартылады. Жаңа өндірістер ұйымдастырылады және 2,6 млн жаңа жұмыс орны құрылады«, - деді Руслан Дәленов.

Жоғары қарай