Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

2023 жылға қарай дәрігерлер мен педагогтердің жалақысы екі есе өседі

2021 жылдың 17 наурыз 2021 16:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Қазақстанның 2025 жылға дейінгі дамудың ұлттық жоспарындағы жалпыұлттық басымдықтар міндеттерін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық даму жоспары үш бағыт: азаматтардың әл-ауқаты, институттардың сапасы және қуатты экономика бойынша 10 жалпыұлттық басымдықтан тұрады.

«Сапалы білім беру» жалпыұлттық басымдығы жаңа экономикалық бағытты іске асыру үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамытуды көздейді. Білім беру жүйесін жаңғырту оның сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталады. 2023 жылға қарай педагогтардың жалақысы 2 есеге өседі. 2025 жылға қарай – мектепке дейінгі мекемелердегі орындардың қолжетімдігі қамтамасыз етіледі. Барлық білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалады», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 2025 жылға дейін білім беруге қолайлы жағдай туғызу үшін 800 жаңа мектеп салынады. Бұл апатты және үшауысымдық мектеп, орын тапшылығы проблемаларын шешуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, министр «Қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесі» жалпыұлттық басымдығы жөнінде айтып берді.

«Медициналық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, кадр әлеуетін және ғылыми медицинаны дамытуға, денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық кеңістігін құруға, сондай-ақ саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған батыл шаралар іске асырылатын болады. Нәтижесінде дәрігерлердің жалақысы 2023 жылға қарай 2,5 есе өседі. 2025 жылға қарай азаматтардың денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға бағдарланып, адамға бағдарланған медицинасына көшу жүзеге асырылады, сондай-ақ ауылдарда және қалаларда сапалы медициналық қызмет көрсетуге кепілдік беріледі», - дейді Экономика министрі.


Жоғары қарай