Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

2021 жылдың 5 айында ЖІӨ өсімі 1,6 пайызды құрады

2021 жылдың 21 маусым 2021 11:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылдың 5 айында жалпы ішкі өнімнің өсімі 1,6 пайызды құрады. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл Қазақстан экономикасы белсенді түрде қалпына келуде. Бес айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 1,6 пайызды құрады. Экономиканың барлық салаларында оң өсім байқалуда. Республика бойынша өңдеуші өнеркәсібі экономиканың негізгі драйверлерінің бірі болды. Соның ішінде, машина жасау, химия өнеркәсібі, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп жоғарғы өсімді көрсетті», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, құрылыс саласы мен тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша өсу қарқыны жоғары. Ауыл шаруашылығында да тұрақты өсу қарқыны байқалады.

«Қызмет көрсету саласында екі ай қатарынан оң өсу серпін белгіленді. Бұған септігін тигізген негізі факторлар сауда, байланыс, жылжымайтын мүлікпен операциялар, қаржы және сақтандыру қызметі салалары болды. Өндірістік емес салаларда жоғары инвестициялық белсенділік байқалады. Бұл экономиканы әртараптандыру арқылы орнықты әрі сапалы дамуы үшін негіз болады», - деді ол.

Үкімет басшысының атап өтуінше, негізгі капиталға инвестициялардың өсімі тау-кен өндіру өнеркәсібін ескермегенде 25,5 пайызды құрады.

«Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде тамақ өнімдері өнеркәсібі, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы, сауда, жылжымайтын мүлікпен операциялар және көлік салаларына инвестициялар елеулі өсті», - деді Асқар Мамин.


Жоғары қарай