Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

2021 жыл қазақстандықтардың есінде қандай өзгерістермен қалды

2021 жылдың 31 желтоқсан 2021 17:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан жыл өзгерістерге толы болды. Олардың ішінде жағымдысының салмағы басым. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінң аналитикалық бөлімі жылдың ең ауқымды және есте қалар өзгерістеріне шолу ұсынады.

Коронавирусқа қарсы вакцинация

2021 жылдың 1 ақпанынан бастап елде COVID-19-ға қарсы вакциналау басталды. Бірінші кезеңде екпе алғандарға Ресейде өндірілген Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасы салынды. 15 ақпаннан бастап вакцинация процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылды.




Көп күттірмей Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты QazVac вакцинасын әзірледі. Бұл іске вакцина зерттеушілер 2020 жылдың наурыз айында алғашқы вирустың алғашқы сынамаларын алған бойда кіріскен болатын. Екпе 2020 жылдың сәуір-мамыр аралығында жасалды. Ал биылғы 26 сәуірден бастап ол елде қолданыла бастады.

Қазір Қазақстанда ересектер «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V), «QazVac», «Hayat-Vax», «КоронаВак» және «Синофарм» вакциналарын салдыра алады.

30 желтоқсандағы жағдай бойынша вакцинаның бірінші компонентін 8,9 миллионнан астам адам, екінші компоненттін 8,5 миллионнан астам адам алған.

Вакцинацияның оң нәтиже бергенін цифрлар растап тұр: Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша соңғы төрт айда аурушаңдық 16 есе азайды.

22 қарашадан бері халықтың осал топтары мен алғы шептегі қызметкерлер (медицина қызметкерлері, педагогтар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің, жабық балалар мекемелерінің қызметкерлері мен контингенті, 60 жастан асқан адамдар, күштік құрылымдарының қызметкерлері) ревакцинациядан өтуде. Халықтың негізгі бөлігі үшін жаппай қайта егу 2022 жылдың 1 қаңтарынан басталуы керек болған. Бірақ әлемдегі қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комиссия қазақстандықтарды ревакцинациялау тактикасын қайта қарады. Осылайша 8 желтоқсаннан бастап вакцинацияны екі дозамен аяқтаған, сондай-ақ коронавирус инфекциясымен ауырып шыққан азаматтардың бәрі 6 айдан кейін қайта ревакцинацияға жіберілді. 27 желтоқсандағы жағдай бойынша 400 мыңнан астам Қазақстан азаматы ревакцинациядан өткен.

Сондай-ақ, 12 қарашадан бастап елде 12 жастан асқан жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге Pfizer өндірісінің вакцинасы салына бастады. 27 желтоқсандағы жағдай бойынша Comirnaty (Pfizer) вакцинасын 301 675 адам қабылдаған. Оның ішінде 242 103 жасөспірім, 17 368 жүкті әйел және 42 186 бала емізетін ана бар. Бұл екпенің екінші компонентін 108 582 адам алды.

Елдегі эпидемиологиялық ахуал министрлік ұсынған болжамның оптимистік сценариі бойынша өрбіп жатыр деуге болады. Республика бойынша желтоқсан айында тәулігіне орта есеппен 560 жағдай тіркелуде.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы




ҚР Президенті 2020 жылдың қазан айында өткен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында 2021 жылды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы деп жариялау туралы шешім қабылдап, мерейтойдың экономикалық және саяси реформалар, цифрландыру, балалар мен мүгедектердің құқықтарын қорғау, экология проблемаларын шешу белгісімен өтетінін айтқан.

30 жыл ішінде Қазақстан тәуелсіз, қуатты, теңқұқықты егемен мемлекетке айналды. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің отырысында «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асырудың жеті тұғырын белгіледі. Мемлекеттіліктің жеті тірегі – тәуелсіздік, бірлік пен келісім, қасиетті жер, отбасы және дәстүр, ұлттық мәдениет, білім мен еңбек, прагматизм.

Тәуелсіздіктің 30 жылында халық саны 19 082 467 адамға дейін жетті. 169 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 1,5 млн азаматтың тұрғын үй жағдайы жақсарды. Жалпы ішкі өнім 1993 жылы 11,4 млрд доллар болса, 2021 жылы 190 млрд долларға жетіп, 17 есе ұлғайды. Тауар айналымы 1991 жылғы 1,5 млрд доллардан 100 млрд долларға дейін өсті. Қазақстанның халықаралық резервтері 1993 жылғы 711 млн доллардан 90,9 млрд долларға жетті. Тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 400 млрд доллар болды. Экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 33% болып отыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 3,4 млн адам, жұмыссыздық деңгейі 7,5%-дан 4,9%-ға дейін қысқарды.

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,8%-ға дейін жеделдеді.

Зейнетақы реформасы

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында 2021 жылы БЖЗҚ салымшылары өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емдеуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беруге пайдалана алатынын айтты. Президенттің бұл тапсырмасы заңмен бекітіліп, Қазақстанның 750 мыңға жуық азаматы зейнетақы жинағындағы жеткіліктілік шегінен артылған ақшаны тұрғын үй сатып алуға, ипотеканың негізгі борышын өтеуге, сондай-ақ, өздерінің ақшалай қаражатын қаржы компанияларының басқаруына беруге мүмкіндік алды.




Бұл мүмкіндікті бүгінге дейін 606 мыңнан астам адам пайдаланды. Қазақстандықтар зейнетақы қорынан тұрғын үй мәселелерін шешуге және емделуге 2,2 трлн теңге алды.

Бұл реформа одан әрі тереңдеп, енді азаматтар тұрғын үй сатып алу үшін ашылған үй құрылысы жинақ шотына салым аударуға мүмкіндік алып отыр. Зейнетақы жинағындағы артылған біржолғы төлемді жер үй салуға және жер учаскесін сатып алуға пайдалана алады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 11 желтоқсанда тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережесіне осындай жаңашылдықтар енгізген болатын.

Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы




10 қаңтарда Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өтті. Бұл сайлаудың ерекшелігі Конституцияда белгіленген мерзімінде өтуінде еді. Сондай-ақ, елімізде тұңғыш рет әйелдер мен жастарға партиялық тізімдердің 30 пайыздық квотасы енгізілді. Мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтті.

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау

Президенттің саяси реформалары 25 шілдеде өткен аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауы арқылы жалғасты. Бұл үшін заңнамаға сайлауды тағайындау, кандидаттарды ұсыну, оларға қолдау көрсету үшін қол жинау, кандидаттарды тіркеу, сайлау өткізу, дауыстарды санау және сайлау қорытындыларын шығару тәртібін белгілеу бөлігінде өзгерістер енгізілді.




Бұл сайлаудың маңызды элементі – бюллетеньдерге «Бәріне қарсымын» бағаны қосылды. Ауыл әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауы 864 ауылдық округте өтті. Оның ішінде 730 әкім 25 шілдеде, тағы 134 әкім тамыздан желтоқсанға дейінгі аралықта сайланды.

Еуразиялық экономикалық одақ төрағасы

1 қаңтардан бастап Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарында төрағалық етті.

Бұл кезеңде ЕАЭО дамуының 5 басым бағыты айқындалды: өнеркәсіптік кооперацияны күшейту, өзара сауда кедергілерін жою, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру, «үшінші» елдермен сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту.




ҚР Үкіметінің деректері бойынша, 2021 жылы ЕАЭО шеңберінде өнеркәсіптік кооперацияны жандандыру бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілген. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ЕАЭО өнеркәсіптік өндірісінің көлемі 620 млрд долларға жеткен. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінен 4,4% жоғары. Өзара сауда көлемі 40% немесе 20,3 млрд долларға дейін өсті. Жыл басынан бері Қазақстанда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер бизнесінің қатысы бар 1172 жаңа бірлескен кәсіпорын тіркелген (+9%).

Жер туралы Заң

13 мамырда Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктер мен шетелдік қатысы бар компанияларға сату және жалға беру туралы көп жылғы пікірталасқа нүкте қойды. Осылайша Жер туралы Заң шетелдіктерді ауылшаруашылық жерлерін сатып алу және жалға алу мүмкіндігінен айырды.




Заңда ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толық тыйым салу көзделген.

Сондай-ақ, заңда шетелдіктер мен шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар бұрын жалға алған ауыл шаруашылығы жерін пайдалану мерзімін ұзарта алмайтыны айтылған.

Жалпыұлттық халық санағы

Қазақстанда 1 қыркүйектен 30 қазанға дейін «Қазақстанда әркім маңызды!» деген ұранмен жалпыұлттық халық санағы жүрді. Ол алғаш рет цифрлық технологияларды қолдану арқылы өтті. Онлайн-режимде санақ жүргізу үшін sanaq.gov.kz дейтін арнайы сайт ашылды. Елдегі эпидаухалдың тұрақтануы халық санағы дәстүрлі форматта өткізуге де мүмкіндік берді.




Жалпыұлттық санақ алдын ала қорытындысы бойынша қазақстандықтардың жалпы саны 19 169 550 адам болды. Оның ішінде ерлер – 48,71 %, әйелдер – 51,29 %. Халықтың орташа жасы – 31,94 жас. Қзақастандықтардың 33,97%-ы – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72%-ы – 14-28 жас аралығындағы жастар. Этникалық құрамы бойынша қазақтардың үлесі 70,18%-ға жетті.

Елдегі еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың саны 11 320 410 адамды немесе Қазақстан халқының 59,05%-ын құрады.

Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі





Жоғары қарай