Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

2020 жылы нақты сектор экономикалық драйвер болды - министр

2021 жылдың 12 қаңтар 2021 09:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны минус 2,6 пайызды құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылы нақты сектор экономикалық драйвер болды. Ондағы өсу 2 пайызды құрады. Көрсетілетін қызметтер үшін өткен жыл минус 5,6 пайызбен аяқталды. Дегенмен соңғы айларда қарқын қалпына келе бастады. Нәтижесінде, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны минус 2,6 пайызды құрады. Бұл 11 айдың деңгейінен жоғары. Нақты сектор салаларының көбі және жекелеген қызмет түрлері өсуді көрсетті. Олар: құрылыс, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы өңдеу өнеркәсібіжәне білім берусалалары. Сондай-ақ, кейбір салалардағы теріс өсуге қарамастан, жыл соңына қарай серпін жақсарды. Олар: көлік, сауда, ғылыми және техникалық қызмет, жылжымайтын мүлікпен операциялар және кен өндіру өнеркәсібі», - деді министр.

Оның атап өтуінше, 2020 жылы экономиканы қолдау шаралары жұмыспен қамту мен іскерлік белсенділікті сақтауға ықпал етті. Жұмыс орындарын сақтау және құру үшін Жұмыспен қамтудың жол картасы іске асырылуда. Зардап шеккен салалар үшін салықтық ынталандыру шаралары қабылданды.

Шағын және орта бизнесті жеңілдікпен кредиттеу құралдары айтарлықтай кеңейтілді. Айналым капиталын қаржыландыру ұлғайтылды. Жеңілдікті шарттармен кредиттерді қайта қаржыландыру, сондай-ақ кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру ұсынылды. Бюджеттік және мемлекеттік басқарудың икемділігі қамтамасыз етілді. Бюджеттік ынталандыру артты. Нәтижесінде, жұмыспен қамту шараларымен 1,4 млн адам қамтылды, оның ішінде 238 мың адам Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында. 700 мың кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер берілді. Зардап шеккен салалардағы қарыз алушылардың 80 пайыз кредиттік төлемдерін кейінге қалдырды. Кәсіпкерлердің 40 мыңға жуық жобасы төмендетілген мөлшерлемемен қаржыландырылды», - деді министр.


Жоғары қарай