Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

20 инновациялық мектеп: Кез келген қазақстандық IT дағдысын тегін үйрене алады

2021 жылдың 29 қазан 2021 14:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық жобалар аясында халыққа IT дағдыларын тегін үйрететін 20 инновациялық мектеп ашылады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бағдарламалау бойынша 20 инновациялық мектеп құрамыз. Бұл ЖОО емес, колледж де емес, 2 жылда жоғары білікті мамандар даярлай алатын инновациялық бағдарламалау мектептері деп аталады. Бүгінде елімізде дәл осындай 2 мектеп бар, оның түлектері Қазақстанда отырып-ақ, жаһандық Big Tech кмопанияларға жұмыс істеп жүр», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, инновациялық мектептердің дамуын ынталандыру үшін Tech Orda бағдарламасы бойынша 20 мың ваучер бөлінеді, олар кез келген адамға инновациялық бағдарламалау мектебінде тегін оқуға мүмкіндік береді.

«Бұл инновациялық мектептерге тек қана мектеп түлектері немесе студенттер түседі деген талап жоқ, оған өз мамандығын өзгертіп, IT дағдыларын үйренгісі келген кез келген адам түсе алады», - деп түсіндірді Б. Мусин.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жолдауы аясында «Цифрландыру, ғалым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы әзірленіп, бекітілді. Ұлттық жоба 10 бағыттан, 226 тапсырмадан, 44 көрсеткіштен және 211 іс-шарадан тұрады, оларды іске асыру 2025 жылға дейін жоспарланған. Ұлттық жоба аясында халыққа қызмет көрсету орталықтары да цифрлық және видеоқызметтерін іске қосады.

Сонымен бірге, Қазақстанның барлық балалары информатика және бағдарламалау бойынша сапалы білім алуы үшін «Виртуалды информатика мұғалімі» жобасы іске асырылмақ.


Жоғары қарай