Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

2 наурыз. Туған күн иелері

2021 жылдың 2 наурыз 2021 08:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 2 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР




83 жыл бұрын (1938-2007) Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік және Жастар сыйлықтарының және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, профессор Райымбек Ноғайбайұлы СЕЙТМЕТ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында туған. Алматы мемлекеттік өнер институтын бітірген.

1970-1971 жылдары Мәскеудегі Мемлекеттік театр өнері институты жанындағы жоғары режиссерлер курсында оқыған.

1959-1960 жылдары – «Қазақфильм» киностудиясының актері. 1960-1980 жылдары – Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, директоры.

1980-1982 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігі Өнер істері басқармасының бастығы.

1982-1995 жылдары Қазақ мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрының бас режиссері әрі көркемдік жетекшісі болған.

1995 жылдан өмірінің соңына дейін Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Өнер» кафедрасын басқарған.

Сахналық өнер жолында Әубәкір (Қ. Байсейітов, Қ. Шаңғытбаев «Беу, қыздар-ай»), Арыстан, Сұңғат (Қ.Мұхамеджанов «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті»), Қозы (Ғ. Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»), Әбіш (М. Әуезов, Л. Соболев «Абай»). Шоқан (С. Мұқанов «Шоқан Уәлиханов»), Жайнақ (Ш. Айтматов «Ана - Жер-ана»), Кочкарев (Н. Гоголь «Үйлену»), Люченцио, Кассио (У. Шекспир «Асауға тұсау», «Отелло») секілді әр алуан рөлдерді ойнауда орындаушылық шеберлігімен көзге түсті.

Ол режиссерлік қызметпен де шұғылданып, Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Б. Майлиннің «Неке қияр», Ә. Таразидің «Жолы болғыш жігіт», Қазақ мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында Әуезовтің «Алуа», Т.Әбдіктің «Біз үшеу едік», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты», Ш.Мұртазаның «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», О.Сүлейменов пен Б.Мұқайдың «Заманақыр» және басқа туындыларды қойған.




69 жыл бұрын (1952) танымал тележурналист, Қазақстан Журналистер одағының лауреаты Тілеуқабыл МЫҢЖАСАР дүниеге келді.

Түркістан қаласында туған. 1975 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.

1975 жылы Қазақ жасөспірімдер телевидениесінде алғашқы хабары эфирге шықты. «Хабар» агенттігінде құрылған күннен бастап жұмыс істейді. 1998 жылдан - телеарнаның Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі.

«Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен, Қазақстан Президентінің алғысхатымен марапатталған. Қазақстан журналистер одағының лауреаты, Алматы облысының құрметті азаматы. «Хабар» агенттігінің алтын микрофонының иегері.




52 жыл бұрын (1969) Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Жалбақұлы БАБАҚҰМАРОВ дүниеге келді.

Талдықорған облысы Қарабұлақ кентінде туған. Қазақ мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген.

Қазақстан даму институтының бөлім меңгерушісі, Саяси зерттеулер орталығының директоры, Алматы қаласы әкімдігі аппаратының бас маманы қызметтерін атқарған.

1996-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің аға референті, консультанты, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, Әлеуметтік саяси бөлімінің бас инспекторы, Ақпараттық-талдама орталығының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігі Ақпараттық талдау бөлімінің меңгерушісі.

2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы болған.

2008-2012 жылдары – ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары, 2012 жылғы қазаннан 2016 жылға дейін Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы болды; ҚР Премьер-Министрі кеңсесі басшысының орынбасары (2016-2018). 2018-2019 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Талдау және болжамдау орталығының меңгерушісі.

2019 жылдың сәуір-шілде айларында ҚР Президентінің кеңесшісі болды.

Саясаттану ғылымдарының кандидаты, Саясаттану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан саяси ғылымдар қауымдастығының мүшесі. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

Қазіргі лауазымын атқаруға 2019 жылдың шілде айында кірісті.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай