Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

2,5 млн ауыл тұрғыны кең жолақты Интернетке қол жеткізеді

2019 жылдың 31 қазан 2019 21:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда ауылда тұратын 2,5 млн тұрғын және 2,5 мың мемлекеттік мекеме кең жолақты Интернетке қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақтелеком» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілерін (АЕМ ТОБЖ) тарту жобасы біздің компания мемлекеттік-жекеше әріптестік тетігі арқылы іске асырып отырған ең ауқымды әрі алғашқы жоба. 2020 жылдың соңына дейін өз қаражатымызға талшықты-оптикалық желілерді тартып, оған мемлекеттік мекемелерді, бюджет ұйымдарын қосуды жоспарлап отырмыз. Стратегиялық жобаның ерекше маңызы мынада, құрылған инфрақұрылымды нарықтың басқа қатысушыларының да сервистер ұсынуына қолдануға болады. Соның ішінде ұялы байланыс компанияларының ішкі желілерді тартуына, толық спектрлі телекоммуникация қызметтерін көрсетуіне мүмкіндік береді.

«Қазақтелеком» мемлекеттік-жекеше әріптестік аясында «Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша Қазақстан Республикасының Ауылдық елді мекендерін кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасын іске асырып келеді. Келер жылдың аяғына қарай мектептер, медицина мекемелері, әкімдіктер, ұлттық қорғаныс нысандары, полиция, апат қызметтері секілді мемлекеттік ұйымдар мен бюджеттік мекемелер жылдам Интернетпен қамтылады», - делінген хабарламада.

Мемлекеттік мекемелерден бөлек, қарапайым ауыл тұрғынының да жылдам Интернетке қолы жетеді. Жоба аясында еліміздің 828 ауылына жылдам байланыс желісі тартылады. Сол арқылы 2 500 мемлекеттік мекеме және 2,5 млн адам қамтылады.

Еске сала кетсек, Парламентте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев ауылдар мен қалалалардағы интернет тарифінде айырмашылық болмайтыны жөнінде мәлім еткен.

Авторыы Мейрамбек Байғарин

Жоғары қарай