Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

19 ақпан. Туған күн иелері

2021 жылдың 19 ақпан 2021 08:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 19 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР




100 жыл бұрын (1921-2011) қоғам қайраткері, заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Салық ЗИМАНОВ дүниеге келді.

Атырау қаласында туған. Бүкілодақтық заң институтын бітірген. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1944-1945 жылдары - дивизион, миномет полкі, артилерия полкі командирі болып, полковник шенімен әскери қызметтен босаған. 1946-1947 жылдары - Гурьев облыстық прокуратурасының тергеушісі, аға тергеушісі. 1947-1948 жылдары - Қазақ КСР Прокуратурасы жанындағы ерекше маңызды істер жөніндегі тергеуші. 1948-1952 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы құқық секторының аспиранты, аға ғылыми қызметкері, сектор меңгерушісі. 1952-1958 жылдары - Алматы мемлекеттік заң институтының директоры, Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің деканы. 1958-1969 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Философия және құқық институтының директоры. 1969-1976 жылдары осы институттың бөлім меңгерушісі болған. 1976-1977 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Төралқасының бас ғылыми-хатшысы. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Мемлекет және құқық институтының бас ғылыми қызметкері. 1992-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Ардагерлер мен мүгедектер жөніндегі комитетінің төрағасы. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Конституциялық заңнама және адам құқығы жөніндегі комитетінің төрағасы. 1995-2005 жылдары - «Парасат» академиялық университетінің ректоры қызметтерін атқарған. 2005 жылдан - қазіргі қызметінде. Атырау облысының Құрметті азаматы. Зиманов «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның» жобасын дайындау жөніндегі комиссияны басқарып, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конститутциялық Заңның жобасын дайындау жөніндегі комиссияның жетекші мүшелерінің бірі болды. Ғалым 2001-2002 жылдары 1-ші және 2-ші томдары жарық көрген 10 томдық «Қазақтың ата заңдары» энциклопедиясына ғылыми жетекшілік жасаған. «Парасат», екі мәрте 1-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, Халықтар достығы ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.




56 жыл бұрын (1965) белгілі журналист Махат Кәбірұлы САДЫҚ дүниеге келді.

ҚазМҰУ-дың журналистика факультетін, РФ Үкіметі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын, Халықаралық бизнес академиясын бітірген. Еңбек жолын 1989 жылы Қазақ радиосының тілшісі болып бастады. Кейін Қазақ телевизиясында бағдарламалар жетекшісі, 1995 жылы «Хабар» агенттігінде редактор, комментатор, «Жеті күн» бағдарламасының авторы, жүргізушісі болды. 1997 жылы «Хабар» агенттігінің атқарушы продюсері, Астанадағы филиалының жетекшісі. 1999 жылы «Қазақстан» телеарнасында ақпараттық бағдарламалардың бас редакторы, «Үш анық» ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі. 2000-2005 жылдары «Қазақстан Президенті Телерадиокешенінің» бас директоры. 2005-2006 жылдары «Makhat - Студия» ЖШС Бас директоры, «Фототелерадио» журналының бас редакторы. 2006-2007 жылдары ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары. 2007-2008 жылдары ҚР Парламенті Сенаты баспасөз қызметінің жетекшісі. 2008 жылы ҚР Парламенті Сенаты төрағасының кеңесшісі. «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасының орынбасары, ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, «Қазақстан» РТРК АҚ «Астана» радиосының директоры, «Қазақстан» РТРК АҚ Қазақ радиосының директоры, «ҚазАқпарат» ХАА бас директорының кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері, Қазақстан Президенті стипендиясының иегері. «Деректі фильмнен үлкен киноға дейін» кітабының, 25 деректі фильмнің авторы. Философия ғылымының докторы, Халықаралық телевидение және радио академиясының академигі. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері.




48 жыл бұрын (1973) Орал қаласының әкімі Абат Абайұлы ШЫНЫБЕКОВ дүниеге келді.

Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтын «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Еуразия» Батыс Қазақстан менеджмент және тілдер институтын «Экономика және менеджмент», Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін «Ақпараттық жүйелер» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1995 жылы Қаратөбе ауданы Егіндібұлақ совхозында инженер-механик болып бастады. 1995-2000 жылдары Қаратөбе ауданы әкімі аппаратында маман, бас маман, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2000-2003 жылдары – БҚО әкімі аппаратының бас маманы, бас инспекторы. 2003-2006 жылдары – Казталов ауданы әкімінің орынбасары. 2006-2007 жылдары – ҚР БҒМ «Республикалық біліктілікті растау және беру орталығы» РМКК БҚО бойынша филиал директоры. 2007 жылы Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы қызметін атқарды. 2007-2008 жылдары – Орал қаласы әкімінің кеңесшісі. 2008-2012 жылдары – «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары. 2012-2013 жылдары – Орал қалалық мәслихатының хатшысы. 2013-2017 жылдары – БҚО Сырым ауданының әкімі. 2017-2019 жылдары – БҚО Казталов ауданының әкімі.

Қазіргі қызметінде – 2019 жылдың тамыз айынан бастап.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай