Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

18 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 18 қыркүйек 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 18 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік суды мониторингілеу күні

Американың Таза су қорының бастамасымен 2003 жылы, адамдардың су ресурстарын ластанудан қорғау туралы хабардар болуы үшін бекітілді.

Халықаралық электронды кітап күні

Электронды кітаптардың, аудиокітаптардың, музыка және видеолардың цифрлық дистрибуциясымен айналысатын OverDrive америкалық компаниясының бастамасымен жыл сайын атап өтіледі. Компания 1986 жылы құрылған болатын.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1975 жылы Алматы облысында Қазақстан нарығында фарфор өнімдерін шығаратын жалғыз кәсіпорын - Қапшағай фарфор зауыты іске қосылды.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің жанынан «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Президенттің өкімімен «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы болып Шерхан Мұртаза тағайындалды.

1998 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және Мемлекеттік қызмет академиясы құрылды.

2006 жылы Алматыда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына арналған «Тәуелсіздік таңы» ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Мемлекет басшысы, сондай-ақ белгілі қоғам қайраткерлері, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, «Желтоқсан» қозғалысының мүшелері, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері қатысты.

2014 жылы Алматы облысында Халықаралық бокс қауымдастығының Дүниежүзілік бокс академиясы ашылды. Дүниежүзілік бокс академиясы Іле Алатауы баурайында бой көтерген. Экологиялық таза аймақта салынған ғимарат 29 мың шаршы метр жерді алып жатыр.

2015 жылы Атбасар қаласында көрнекті жазушы Ілияс Есенберлинге ескерткіш қойылды. Оған кеткен қаражатты аудан тұрғындары (12 млн теңге) және І. Есенберлиннің туыстары (16 млн теңге) жинады.

2016 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жеке домбырасы мен есімі аңызға айналған қазақ күйшісі Дина Нұрпейісоваға арналған «Дала әуендері» мүсінін Алматы қаласында орналасқан мультимедиалық дәстүрлі музыка орталығына тарту етті.

2016 жылы Алматы қаласында жаңа «Алматы Арена» мұз сарайы ашылды. 12 мың адамға арналған мұз аренасы жаңа заман талаптарына сай тұрғызылған теңдессіз нысандардың бірі.

2017 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының реформалар жөніндегі саяси декларациясына қолдау білдірді.

АҚШ бастамашыл болған декларация Бас хатшының рөлін күшейтеді, БҰҰ-ның бүкіл жүйесінің есептілігі мен транспаренттілігін арттыру, менеджментті жақсарту, Ұйымның құрылымдары арасында бір-бірін қайталауларды қысқарту, персоналды басқару және бюджеттік жоспарлауды жетілдіру сияқты реформаларды қамтиды. Құжатта, сондай-ақ серіктестік қатынастарын нығайту және Ұйымға мүше мемлекеттер мен БҰҰ Хатшылығы арасындағы сенімді нығайтудың маңыздылығы атап көрсетіледі.

2017 жылы қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова Ашхабадта өткен жабық кешендегі V Азия ойындарында ұзындыққа секіруден алтын медальды жеңіп алды.

2018 жылы әлемнің 6 режиссёрі Hollywood Foreign Press Association ұйымының бірінші резиденттік грантына ие болды. Олардың қатарына Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» (Горизонты) бағдарламасында «Үздік режиссер» аталымы бойынша жүлдегер болған Эмир Байғазин кірді.

Ресми пресс стейтментте қазақстандық туынды туралы «Біз тартымды визуалдық шешімдер мен батыл әрі байқампаз төзімді стиль, нақты және қызық қолөнер арқылы өрнектелген әлемге ендік» делінген.

https://www.inform.kz/kz/emir-baygazin-ozen-fil-mi-ushin-gollivudtik-baspasoz-kauymdastygynyn-grantyna-ie-boldy_a3395111

2019 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде тұрған тайқазанның құйылғанына 620 жыл және тарихи орнына оралғанына 30 жыл толуына орай «Қайта оралған жәдігер» атты көрме ашылды.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған ортағасырлық Тайқазан 620 жыл бұрын, яғни 1399 жылы Түркістаннан 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекеніндегі Тұранның билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризи шебердің ұстаханасында құйылған.

Аталған көрменінің экспозициясына 50-ге жуық жәдігер қойылды. Олардың қатарында орыс саяхатшысы А.Кунның альбомындағы 1864 жылғы фотосуреттер мен 1935 жылы Тайқазанды Санкт-Петербургке алып бара жатқандағы мұрағаттық суреті бар. Эрмитаж музейінің экспозициясына қойылған бірегей фотосы және 1989 жылы Эрмитаж музейінен Тайқазанды шығарып жатқан сәтінің мұрағаттық суретін кездестіруге болады.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай