Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

17 қаңтар. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 17 қаңтар 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 17 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Балалар өнертабысы немесе Өнертапқыш балалар күні

Бұл күн АҚШ-тың әйгілі өнертапқышы, мемлекет қайраткері, ғалым, журналист Бенджамин Франклиннің туған күніне орай таңдалған. Ол өзінің ең алғашқы өнертабысы - жүзуге арналған қол жарғақты 12 жасында ойлап тапқан екен.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1960 жылы қазақ тіліндегі республикалық «Білім және еңбек» ғылыми танымдық журналының алғашқы саны жарыққа шықты. Алғашқы редакторы – Камал Смайылов. 1989 жылдан «Зерде» деген атауымен шығып келеді. Журнал өз оқырмандарын, оның ішінде жастар мен жасөспірімдерді отандық және әлемдік ғылым мен білім саласындағы жаңалықтармен таныстырып келді. Қазақ басылымдарының ішінен алғаш рет әл-Фараби туралы мақала осы журналда жарияланды. Абылай хан мен Әбілхайыр ханның суреттері де тұңғыш рет осы журналда жарық көрді.

1992 жылы Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы» Заң қабылдады.

2006 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің 10 жылдық мерейтойына арналған пошта маркаларын «Қазпошта» АҚ айналымға шығарды. Пошта маркасында Парламенттің 10 жылдық мерейтойының ресми символикасы Қазақстанның туын бейнелейтін көгілдір түсте бейнеленген. Маркалардың номиналы - 50 теңге, тиражы - 50 мың дана. Суретшісі - Данияр Мұхамеджанов.

2010 жылы Астанада Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кирилл жаңадан салынған Успен кафедралдық соборын дәріптеу рәсімін өткізді. Успен кафедралдық соборы Астанада Қасиетті Успения құдай-ананың құрметіне салынды. Бұл соңғы онжылдықтағы Орталық Азияда тұрғызылған алғашқы кафедралдық храм. Храмға бір мезгілде төрт мың адамға дейін сыяды.

2011 жылы Жуалы ауданындағы халық жазушысы, аңызға айналған қолбасшы-батыр Бауыржан Момышұлының мұражайына батырдың жеке заттары тапсырылды.

2012 жылы ҚР Ұлттық банкі Қазақстандағы VII қысқы Азия ойындарына арналған 2000 теңге номиналындағы банкноттарды айналымға енгізді.

2012 жылы Жамбылдық суретші Айдархан Сихаев Тараздағы ең биік мүсінді қашап жасады. Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың өшпес махаббатына арналған ескерткіштің биіктігі бес метрді құрайды, мүсін қола жалатылған бетоннан жасалды.

2014 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайында халыққа жыл сайынғы Жолдауын жариялап, онда «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру мәселелері айтылды.

2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Әлем университеттері консорциумының (WUC) толыққанды мүшесіне айналды.

Әлем университеттері консорциумы ғаламның жетекші ЖОО-лары мен ғылым мен білім беру саласындағы халықаралық ұйымдарды біріктіреді. Айта кетерлігі, әр мемлекеттен тек бір ғана университет WUC мүшесі бола алады.

2017 жылы Bloomberg агенттігінің сарапшылары әлемдегі инновациялық экономикасы дамыған елдердің рейтингін жасады. Онда Қазақстан 45,56 тармақтық көрсеткішпен 48 орын алды. Айта кетерлігі, Қазақстан бұл рейтинг тізіміне енген Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет болды.

2018 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған ресми сапарының аясында ғарыш саласында Жерді қашықтықтан зондтау бойынша ғарыш технологияларын қолдану және кеңістіктегі мәліметтер инфрақұрылымын дамыту саласында өзара тиімді ынтымақтастыққа бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды.

2019 жылы Түркістан облысының тарихи және қасиетті орындары туралы альбом-кітаптар жарыққа шықты. Авторлық ұжым Түркістан облысының тарихи-киелі орындары туралы ақпаратты жинақтап, қорытындылауды мақсат еткен.

«Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар» кітабы оқырмандарға белгілі тарихи фактілер мен оқиғаларды кеңінен түсіндіретін ақпарат алуға мүмкіндік береді. Ұсынылған кітаптар жақсы суреттелген, кең ауқымды оқырмандар қауымына арналған және үш тілде - қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығарылған.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай