Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 409.19
EUR 461.24
RUB 5.67
CNY 58.26

16 адам автобустың артқы есігінен шығып үлгерген – Шамалғандағы апат

2019 жылдың 16 қыркүйек 2019 13:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шамалғанда пойызбен соқтығыспай тұрып, жолаушылар автобусының ішінен 16 адам шығып үлгерген. Бұл туралы ОҚК-дағы брифингте Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәселенің мән-жайы анықталып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, автобус кептелісте тұрып қалған. Жүргізуші пойызды көріп, артқы есігін ашқан. 16 адам автобустан сыртқа шығып үлгерген. Автобус жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Қалған үш адам Қарасай аудандық ауруханасына ауыр күйде», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Еске сала кетсек, кеше Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысқан болатын. Алдын ала болжам бойынша, автобус темір жолдың релсіне шығып кеткен.

Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Оның екеуі бала.

Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Істің тергелуін Бас көліктік прокуратура өз бақылауына алды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінде поезд бен автобус соқтығысынан жапа шеккендердің туған-туыстарына көңіл айтты.


Жоғары қарай