Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

14 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 14 шілде 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 14 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1997 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы құрылды.

2005 жылы Алматыда Орталық Азиядағы адам құқығын қорғайтын Мұсылман комитетінің бас кеңсесі ашылды. Комитет мүшелері болып заңгерлер, теологтар және діни қауым өкілдері тіркелді. Ұйымның мақсаты -азаматтардың ұлтына, дініне және саяси тиістілігіне қарамастан құқығын қорғау.

2009 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің археологтар экспедициясы Нұра өзенінің ортаңғы ағысының тұсынан сақ дәуірінің жәдігерлерін тапты. Самарқанд және Тегісжол ауылдарының арасындағы Темірқаш шатқалында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде темір қорамсақ, жебенің ұшы, жас сарбаз белбеуінің айылбасы сияқты заттар табылған. Археологтар бұл жәдігерлерге 2 мың жылдан астам уақыт болған деп пайымдады.

2009 жылы Қазақстан құрама командасы 50-ші халықаралық математика олимпиадасына қатысу үшін Бремен қаласына (Германия) барды. Халықаралық математика олимпиадасының ұйымдастыру комитетінің қорытынды отырысында 95 елдің өкілдері 2010 жылы 51-ші Халықаралық математика олимпиадасын ұйымдастырушы ел ретінде Қазақстанды таңдады.

2009 жылы Алматыда қашықтығы 1500 шақырымды құрайтын Алматы - Бурабай бағыты бойынша автожарыс-экспедициясы өтті.

2011 жылы Қазақстан аумағында ақын, журналист, драматург және композитор Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толуына орай пошта маркасы қолданысқа енгізілді.

2011 жылы Петропавл қаласының орталығында Қазақстан Конституциясы мен П.Васильев көшелерінің қиылысында биіктігі 28,5 метрлік Тәуелсіздік стеласының құрылысы басталды. Оның ең жоғарғы тұсына Самұрық құсы орнатылған.

2012 жылы Американың Nadine Krakov Collection дүкені еВау электронды аукционында XVII ғасырда Қазақстанда тігілген әлемдегі ең қымбат тақияны сатылымға шығарды. Асыл тастармен әшекейленген көне бас киімнің бастапқы бағасы 15,5 мың доллар ретінде белгіленді.

2014 жылы Қазақстан жастар саясаты бойынша бірінші жаһандық форумға қатысу үшін Бакуге (Әзербайжан) шақыртылды.

2016 жылы Қазақстандық балет жұлдызы, Astana Opera театрының жетекші әншісі Бақтияр Адамжан Ыстанбұлда (Түркия) V халықаралық балет әртістері байқауында Гран-При иегері атанды.

2018 жылы Аршалы ауданы Жібек жолы кентінде 13 гектар аумақта Қазақстан мен ТМД елдерінде теңдесі жоқ бірегей демалыс аймағы ашылды. Табиғаты, ландшафты әсем көпфункциялы кешен өзеннің жағасында орналасқан.

2019 жылы Семей қаласындағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасында гибридті хирургиялық операциялар үшін жаңадан жоғары технологиялық зал ашылды. Бұл республикадағы жалғыз кешен болып тұр. Бұл гибридті операциялық залдың ерекшелігі сонда, бұнда мәселен, жол апатына түскен науқасқа бірден бірнеше операция түрін жасауға болады. Науқастың жүрегіне және басындағы миына ашық тәсілдермен ота жасауға мүмкіндік толық бар.

2019 жылы Атырау маңындағы Ақтөбе-Лаэти қалашығындағы қазба жұмыстары кезінде археологтар орта ғасырлардағы жұмбақ тас ядросын тапты.

«Ежелгі – XIV-XVI ғасырлардағы Ақтөбе-Лаэти қаласындағы қазба жұмыстарын қайта бастаған кезде бізге сәттілік серік болды. Біріншіден, ондаған пеші бар тұтас өнеркәсіпті қазып алдық. Оларға металл құйып, сапалы керамикалық ыдыс-аяқ, тіпті шыны жасаған. Бірақ ең құнды және әзірге түсініксіз табысымыз – тесіктері бар тас ядросы, ішінде металл доп бар. Мұндай ядроны не үшін дайындағаны әзірге түсініксіз», - деді археолог Марат Хасенов.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай