Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

12 жасар полиглот «Бала дауысы» гран-приін жеңіп алды

2020 жылдың 17 қазан 2020 21:35

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауы 5-ші мерейтойлық маусымының жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Концерттік бағдарламаның ақтық кезеңі аясында үлкен сахнада өнер көрсету мәртебесі еліміздің 17 өңірінен 20 балаға бұйырған болатын. Дарынды жас әншілер 2020 жылдың 15 наурызы мен 15 мамыры аралығында өткен қашықтан іріктеу турнирі барысында 8 бен 12 жас аралығындағы 4 135 өнерпаз арасында ерекше көзге түскен еді.

15 қазанда «Бала дауысы» үздік әні» концерттік бағдарламасы өтті. Онда ақтық мәреге 14 облыс пен Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының атынан жолдама алған жас әншілер 2016 жылдан бері байқау аясындағы авторлық балалар әндерін орындады.





«Биыл біз үшін атаулы дата. Бізге 5 жыл толып отыр. Жылдан жылға балалардың бірінен-бірі асып түсетіндігін байқадық. Репертуар бұған дейінгі маусымдардағы авторлық әндерден болды. Әрине, биылғы эпидемиологиялық ахуалға байланысты дарынды балаларды онлайн режимде іріктеу оңайға соққан жоқ. Белгілі бір қатысушыны шатастырып алмау үшін өңірлердегі жазбаларды қайта қарап шығуға тура келді. Өзің барып көзбен көрген ыңғайлы. Балаларды жанды көруді ештеңе де алмастыра алмайды», - деді «Бала дауысы» байқауының музыкалық продюсері Фарида Ниязова.





Байқау қортындысында Маңғыстау облысының тумасы Армен Саакян 5- маусым жеңімпазы атанып, Ұлттық өнер университетінде білім алу грантын иеленді.

«Мен үшін тым тосын жайт болды. Өте қуаныштымын. Маған сенім артып, қолдау көрсеткен баршаңызға ризашылығымды білдіремін», - дейді Армен.





Армен Саакян 6 тілде сөйлеп, қосымша вокалмен айналысады. Бос уақытында спортпен айналысатын оның ММА-дан Қазақстан чемпионы атағы да бар.

Ал байқаудың бірінші жүлдесі ақтөбелік Айдар Аққұловқа, екінші жүлдесі павлодарлық Лейла Цечова мен жамбылдық Бекмұхамед Ғазижанұлына, ал үшінші жүлдесі алматылық Руслан Әмірасланов пен маңғыстаулық Айару Қимағанбетке, алматылық Әбілқайыр Жұмабай мен атыраулық Олеся Кульминге бұйырды. «Ел таңдау» атты телекөрермендер атынан арнаулы сыйлық Ақтөбе облысынан келген 12 жастағы Айдар Аққұловқа табысталды.













































































Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Алматы, Мәдениет, Өнер,
Жоғары қарай