Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

12 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 12 тамыз 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 12 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық жастар күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес, 1999 жылғы желтоқсанның 17-нен бастап атап өтіледі (Лиссабон, 1998 жылғы тамыздың 8-і мен 12-і аралығы).

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1970 жылы Алматыда Қазақ циркінің ғимараты салынып бітті. 1991 жылы Қазақ циркі «Одақмемцирк» құрамынан шықты.

1971 жылы іргетасы 1950 жылы қаланған Лисаков елді мекеніне қала мәртебесі берілді.

2010 жылы Қазақстанның Ұлттық мұрағаты Қазақстанның Ата заңы - ҚР Конституциясының тарихы туралы деректі көрмені өткізді. Мұрағат құжаттары мен материалдарының негізінде ұйымдастырылған көрме Қазақстан Конституциясын дайындау және қабылдау тарихымен таныстырды.

2012 жылы Лондондағы ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында бокстан 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Серік Сәпиев Қазақстан құрамасы қоржынына кезекті алтын медальді cалды.

Сонымен қатар 81 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық боксшы Әділбек Ниязымбетов «күміс» жүлде жеңіп алды. Сондай-ақ бұл күні еркін күрес бойынша қазақстандық балуан Ақжүрек Таңатаров Олимпиада ойындарында қола жүлде иегері атанды.

2013 жылы Монреальда 23-ші Дүниежүзілік тау конгресінің отырысы болып өтті, оның күн тәртібіндегі бөлімдердің бірі Қазақстан Республикасының 2018 жылы Астанада 25-ші Дүниежүзілік тау конгресін өткізу өтінімі болған.

Конгрестің ұйымдастыру комитетінің мүшелері Қазақстан өтінімін бірауыздан қолдады.

2013 жылы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары Оңтүстік Қазақстандағы ежелгі Күлтөбе қалашығында қазба жұмыстарын жүргізу кезінде біздің дәуіріміздің бірінші ғасырларында салынған бірегей сәулет кешенін тапты.

Қазба орындарында археологтар сондай-ақ жебе ұштарын, қола бұйымдары және қыш қалдықтарын тапқан.

2016 жылы отандық балет жұлдызы, «Astana Opera» театрының солисі Бахтияр Адамжан Сеулде (Корея Республикасы) XIII халықаралық би байқауында жеңіске жетті.

2017 жылы ҚР Ішкі істер министрлігі Көліктегі ішкі істер департаментінің қызметкері полиция подполковнигі Талғат Қожабаев Лос-Анджелесте (АҚШ) 67 мемлекеттің полицейлері арасында өткен Бүкіләлемдік ойындардың күміс жүлдегері атанды. Талғат Қожабаев - халықаралық дәрежедегі спорт шебері, күш құрылымдары арасында үш дүркін әлем чемпионы, қазақ күресі, самбодан және дзюдодан бірнеше мәрте чемпион.

2017 жылы АҚШ-тың Калифорния штатында өткен Technovation Challenge байқауының бас жүлдесін иеленген қазақстандық оқушы қыздар өздерінің жобаларын Google корпорациясының директоры Сундар Пичаиге таныстырды.
#MakerspaceAlmaty «/Ғlash» командасы Силикон алқабында өтіп жатқан «World Pitch» саммитінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам команданы артта қалдырды.
Жоғары сыныптарда оқитын төрт қыздан құралған «/Flash» командасы. тәлімгерлерімен бірге жасөспірімдердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған мобильдік қосымша «QamCare»-ны жасап шығару үшін айлап тер төкті. Қосымшаның атауы қазақтың «қамқор» сөзінен шыққан.

2018 жылы Ақтауда Каспий маңы елдері басшыларының V саммиті өтті. Онда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі, Каспийдегі экономика, көлік-логистикалық, экология және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелер талқыға түсті.

Саммит нәтижесінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды. Құжат жобасында теңіз акваториясын, су түбіндегі ұлттық секторларды бөлу, әскери ынтымақтастық және биологиялық ресурстарды, су түбі және қойнауын игеруді қамтитын шаруашылық-экономикалық сала, кеме қатынасы, қоршаған ортаны қорғау мәселелері бекітілді. Ақтау саммитінің қорытынды құжатына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан басшысы Ильхам Алиев, Иран Президенті Хасан Роухани, Ресей Президенті Владимир Путин және Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов қол қойды.

2019 жылы Түрікменбашы қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан «Аваза» Ұлттық туристік аймағындағы конгресс орталықта ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің қатысуымен І Каспий экономикалық форумы өтті.

Форумның жұмысы барысында Асқар Мамин Каспий маңы мемлекеттерінің сауда-инвестициялық, көлік, энергетика, туризм және экология салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастығын жандандыруға қажет бірқатар бастаманы ұсынды. Қазақстан тарапы Каспий теңізінің экожүйесін сақтау жұмыстарын күшейту қажеттігіне баса көңіл бөлді. Қазақстанда құрылған Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы таза технологияларды енгізудің табысты платформасына айнала алады.

2019 жылы медицина қызметінің аға лейтенанты Ақбөпе Таңатарова Өзбекстандағы «Фориш» полигонында өткен «Әскери-медициналық эстафета» сайысында әйелдер арасында «Жеке шеберлік» номинациясы бойынша бірінші орынға ие болды.

Әскери медицина қызметкерлерінің жарысына Әзербайжан, Ангола, Армения, Беларусь, Вьетнам, Зимбабве, Қазақстан, Мьянма, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан сияқты 11 мемлекет қатысты.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай