Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

12 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

2021 жылдың 12 маусым 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 12 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік балалар еңбегін пайдалануға қарсы күрес күні

Халықаралық еңбек ұйымы бекітіп, жыл сайын 12 маусым күні атап өтіледі. Күнтізбеге жаңа датаны енгізу идеясы 1997 жылы Амстердам мен Ослода өткен балалар еңбегін пайдаланудың ең нашар түрлеріне қарсы күрес жөніндегі конференция мен балалар еңбегі мәселелері бойынша конференциядан кейін туындады. Аталмыш шаралар балалардың еңбегін қанауды жою жолында жаһандық күш-жігер жұмсалу қажеттігіне қоғамның назарын аудартты.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1924 жылы Орынборда тұңғыш рет қазақ білімпаздарының 1-съезі басталды. Маусымның 12-18-і аралығында өткен бұл жиында қазақ фольклорын жинау, зерттеу туралы қаулы қабылданды.

1924 жылы СССР Орталық атқару комитетінің Саяси Бюросы «Орта Азия республикаларын (Түркістанды, Бұқарды, Хорезмді) ұлттық межелеу туралы» қаулы қабылдады. Өлке халықтарының тілегін ескере келіп, Түрікмен мен Өзбек КСР-лері құрылды. Түркістанның қазақтары тұратын аудандарын Қырғыз (Қазақ) АКСР-мен біріктіру, РКФСР құрамында Қара Қырғыз (қырғыз) автономиялы облысын, Өзбек КСР-нің құрамында Тәжік автономиялы облысын құру қажет деп табылды.

1925 жылы РКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің секретариаты жас дарындарды біріктіретін және оларды қолдайтын Пролетарлық жазушылар қауымдастығын құру туралы шешім қабылдады. Ол 1934 жылы Қазақстанның советтік жазушылар одағы болып өзгертілді. Бұл ұйымды Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғаббас Тоғжанов, Сәбит Мұқанов, Мұхамеджан Қаратаев, Дихан Әбілев, Әбділда Тәжібаев, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Әди Шәріпов, Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, Қалдарбек Найманбай сынды марқасқалар басқарды. Бүгінде Жазушылар одағы – Қазақстанның бұрыннан келе жатқан бірлестіктерінің бірі. Жазушылар одағының құрамында - қазақ, орыс, ұйғыр, немiс және кәрiс әдебиетінің шығармашылық секциялары, Қарағандыда, Семейде, Оралда, Астанада, Шымкенте 5 облысаралық бөлiмшелері бар.

1934 жылы СССР жазушыларының бірінші съезінің ашылуына дейін Қазақ Республикасы жергілікті жазушыларының Бірінші съезі болып өтті. Оның бірінші төрағасы болып Ілияс Жансүгіров сайланды.

1957 жылы Екібастұзкөмір жұмыс кентіне қала мәртебесі берілді.

2000 жылы Алматыда жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 100 жыл толуына орай ескерткіш ашылды.

2014 жылы Атырау облысы Махамбет ауданы Ақжайық ауылындағы сарматтардың қорғанын қазу кезінде алтын білезіктер мен сырғалар, киімге тағылған көптеген алтын бұйымдар, сондай-ақ, темір қылыштар, қанжарлар, қола айна, керамикалық ыдыстардың қалдықтары, жебе ұштары сияқты ерекше заттар табылды. Көмілген уақыты шамамен б.з.д V және б.з V ғасырына сәйкес келеді.

2015 жылы Қазақстанның Вьетнамдағы Елшілігінің көмегімен «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі мен Вьетнам жаңалықтар агенттігі (VietnamNewsAgency, VNA) ақпарат алмасу саласындағы байланыстарды орнату және дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

2015 жылы МАГАТЭ басқарушы кеңесі Қазақстанмен елдегі аз байытылған уран банкін құру және басқару бойынша келісімді мақұлдады.

2017 жылы Татарстан Президенті Рустам Минниханов Ақордадағы кездесуде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Татарстан Республикасы алдындағы еңбегі үшін» орденімен марапаттады.

2017 жылы ЭКСПО-саябағы аумағында Қазақстан халқы Ассамблеясының Бейбітшілік және келісім аллеясы ашылды.

2017 жылы Атырауда Қазақстанның көрнекті қоғам қайраткері, Ұлттық білім академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері Ғалымжан Нұрышевтің тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды. Ғалым бұл үйде 1995-2004 жылдары өмір сүрген.

2018 жылы қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында Ұлттық домбыра күні бекітілді. Бұл күнді қазақстандықтар шілденің бірінші жексенбісінде атап өтеді.

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласының Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. Ант беру рәсімінен кейін, Мемлекеттік Әнұран орындалып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігі, төсбелгі, Президент штандарты және «Алтын Қыран» ордені табысталды.

2019 жылы Мемлекет басшысы ҚР Президенті жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Ұлттық кеңестің негізгі мақсаты – мемлекет саясатының өзекті мәселелерін жұртшылық, саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқылап, ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай