Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«100 есімге» енген азаматтар көпке үлгі – Дәурен Абаев

2019 жылдың 26 желтоқсан 2019 21:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңімпаз атанған азаматтарды көпке үлгі етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үшінші кезеңіне орай ұйымдастырылған салтанатты шарадан шабыттанып шықтым. Себебі, кеше өз табысының тарихын баяндаған азаматтар Қазақстанның болашағы жарқын екенін дәлелдейді. Олар біздің елде соңғы 30 жылда аса ауқымды іс тындырылғанын айғақтайды. Бүгінгі БАҚ көздері жағымсыз жаңалықтарға құмар болғанымен, осындай адамдарды жазуға асықпайды. Ал олардың өмірбаяндарының қай-қайсысы да бірегей. Мәселен, Айгерім Пердешова Колумбия университетін бітіріп, Нью-Йорктегі ірі компанияда жұмыс істеп жүр. Анасының айтуымен Қазақстанға оралып, өзінің заңгерлік компаниясын ашқан. Ол компаниясының кеңселері Алматы мен Нұр-Сұлтанда, тіпті Римде бар. Жақында ғана ол өзінің Нью-Йорктегі кеңсесін ашты. Оның компаниясы Нью-Йоркте кеңсесі бар қазақстандық бірден-бір компания», - деді Дәурен Абаев Хабар арнасының «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министр сондай-ақ, Назарбаев университетінде еңбек ететін Қанат Нұртазинді де үлгі етті. Оның айтуынша, жас жігіт сурет салумен шұғылданады. Ол бұл өнердің жаңа қырларын меңгерген.

«Оның еңбектері Дисней арнасының қызығушылығын тудырған. Қанат «Манифесента – 2» және «Мұзды өлке 2» секілді блокбастерді әлемге тарату ісіне атсалысқан. Сәулет Қалдашов болса – БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери дәрігер. Әсел Баймұқанова есімді эколог Каспий итбалығын қамқор болып жүр. Ондай итбалық әлемнің ешбір теңізінде мекен етпейді. Каспий итбалығын жоғалтып алсақ, бүкіл әлем ол теңіз тағысынан көз жазып қалады. Мұндай табысты адамдар өте көп. Біздің ел атпал азаматтарға бай. Бұл – біздің басты байлығымыз», - деді ол.

Еске сала кетсек, «Қазақстанның жаңа есімдері» жобасының мақсаты - тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың тарихы мысалында табыстылық, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм және білімге табыну идеяларын ілгерілету. Биыл жобаға қатысу үшін 1673 анкета қабылданған. Жалпы, барлық қатысушыға 700 мыңнан аса дауыс берілген. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша биыл 32 жеңімпаз анықталды.

Жоғары қарай