Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

10 елдің магистранттары мен докторанттары Түркі академиясының жұмысымен танысты

2016 жылдың 28 қыркүйек 2016 03:49

АСТАНА. ҚазАқпарат - 27 қыркүйек күні Халықаралық Түркі академиясында (TWESCO) Еуразиялық жазғы мектеп түлектерімен кездесу өтті.

Кездесуде TWESCO басшысы мектеп түлектеріне - Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Германия, Грузия, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Польша және Украинадан келген магистранттар пен докторанттарға академияның қызметі және келешек жоспарлары жөнінде әңгімелеп берді. Сондай-ақ кездесуге Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Невзат Шимшек пен академия қызметкерлері қатысты.

Халықаралық Түркі академиясы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты мен Түркия Премьер-министрі жанындағы Шет елдегі түріктер және туыс халықтар жөніндегі басқармамен бірлесіп ұйымдастырылған Жазғы мектепке биыл 20 талапкер қабылданған.

Жазғы мектептің оқу бағдарламасы шеңберінде олар түркітілдес елдердің экономикалық интеграциясы, көлік және инфрақұрылым жобалары, энергетика және су қауіпсіздігі мәселелері, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі және аймақтық ынтымақтастықтың болашағы, сондай-ақ Еуразияда қауіпсіздік мәселелері тақырыбында дәрістер тыңдады.

19 қыркүйек күні Алматыда басталған мектеп бағдарламасы бойынша ізденушілерге АҚШ, Әзербайжан, Қазақстан, Ресей мен Түркиядан келген өз саласының сарапшы мамандары түрлі тақырыптар бойынша лекция оқып, пікір алмасты.

Кездесу соңында Жазғы мектеп түлектері академияның кітапхана қорымен танысып, Түркі халықтары музейін аралап көрді. Оларға Академия дайындап басқан құнды басылымдар тарту етілді.

Айта кету керек, Жазғы мектепті табысты аяқтаған қатысушылар өз саласындағы білімі мен тәжірибесін арттырып қана қоймай, Астанадағы Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатына бағыт беретін іргелі ұйымдарды аралап, жұмысымен танысуға мүмкіндік алды.

Басты сөздер: Түркі елдері,
Жоғары қарай