Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

1 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 1 шілде 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 1 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1929 жылы Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің алғашқы саны жарық көрді.

1958 жылы «Қазақ темір жолы» құрылды. Ұзақтығы 11 мың шақырымнан асқан ол 15 бөлімнен тұрды. Қазақстанды Сібір, Орал, Еділ маңы, Қырғызстан және Орта Азиямен біріктіретін барлық магистральдармен қосқан.

1967 жылы «Алматымәденитұрмысқұрылыс» ААҚ-ы құрылды. Аталған мекеме Алматы қаласында бірқатар құрылыс нысандарын салған. Олардың қатарында аэровокзал ғимараты, ҚР Мемлекеттік мұражайы, Үкімет үйі, Цирк ғимараты, Ә.Қастеев атындағы Өнер мұражайы, «Қазақстан», «Алматы» қонақ үйлері, Оқушылар сарайы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кешені, ҚР Ұлттық банкі ғимараты, ҚР Ғылым академиясы, Студенттер сарайы, «Медеу» сел бөгеті бар. Сонымен қатар Астана, Атырау қалаларындағы бірқатар ғимараттарды қайтадан қалпына келтірген.

1988 жылы «Алматы ақшамы» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылым Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірін жазып көрсетеді.

1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Катар мемлекеті арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы Бірлескен коммюникеге қол қойылды.

1994 жылы қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев бортинженер ретінде «Мир» ғарыш стансасына сапар шекті. Сапар 176 тәулікке созылды.

1994 жылы Алматы қаласында Райымбек батыр кесенесінің ашылу салтанаты өтті.

1996 жылы Щучье қаласында ҚР Қарулы Күштері құрамына кіші командирлер кадрын дайындау мақсатында кадет корпусы ашылды. 2000 жылы осы оқу орнына қазақтың ұлы ғалымы, ориенталист, тарихшы, этнограф, географ, фольклоршы, ағартушы-демократ Шоқан Уәлиханов есімі берілді.

1998 жылы Алматы қаласының ғылыми, мәдени, тарихи, қаржылық және өндірістік орталық ретіндегі ерекшеліктерін негізге ала отырып, оның ерекше мәртебесін айқындаған құқықтық негіздерді қаржымен, экономикалық және әлеуметтік жағынан ынталандыру шараларын белгілеу арқылы оның бұдан былайғы даму кепілдіктерін белгілеген Қазақстан Республикасының «Алматы қаласының мәртебесі туралы» Заңы қабылданды.

2013 жылы Қазмедиа ғимаратында жаңа Қазспорт телеарнасының ашылуы өтті.

Телеарнаны құру барысында Евроспорт, Sky sport, ESPN, НТВ Плюс спорт сынды шетелдік арналардың тәжірибесі ескерілді. Бүгінде бұл арна бүкіл қазақстандық спортсүйер қауымға танылып үлгерді. Арнаның алғашқы халықаралық деңгейдегі телекөрсетілімі - «Тур де франс 2013» турнирінің трансляциясы болды. Бұл көрсетілім барысында Олимпиада чемпионы Александр Винокуров жүргізушілік қызметке атсалысты.

2015 жылы «Сағып» шаруа қожалығында дайындалған павлодарлық қымыз Якутияда өткен «Қымыз - құдай берген сусын» атты бірінші халықаралық байқауында үздіктердің бірі болып танылды.

Бұл байқауға Моңғолия, Башқұртстан және Тыва, Қырғызстан елдерінде бие сүтінен сусын дайындаушылар, жергілікті ауыл шаруашылығы кооперативтері мен кәсіпорындары қатысты.

2017 жылы ҚР Ұлттық музейінде «Скифтер алтыны» халықаралық көрмесі ашылды. Онда біздің заманымызға дейінгі VII-II ғасырлардан қалған скиф мәдениеті ескерткіштері көрсетілді. Бірегей артефактілерді Астанаға ресейлік зерттеуші ғалымдар жеткізді.

2018 жылы Астанада жаңа «Жетісу» саябағы ашылды. Оның кіре берісінде Жетісуді бейнелейтін жеті арка, субұрқақтары бар басты аллея орналасқан, сондай-ақ тау сілемдерінің көрінісі және киіз үйге ұқсас орын-жайлары бар «Апорт» алаңы, түрлі жастағы балаларға арналған «Тәңірі» алаңы, шаған аллеясы, «Тамғалы тас» петроглифтері бейнеленген тастар және Шарын шатқалының үлгісі бар. Саябақтың ортасына Қазақстанның гүлдерден, шөптерден жасалған картасы орын тепкен. Саябақ алаңын суын Балқашқа құйып тұрған кіші Іле өзені қақ бөліп тұр. Спортты сүйетіндер үшін салынған 1200 метрлік веложолақты қыста шаңғы тебуге де пайдалануға болады.

2018 жылы Қазақстанда алғаш рет Ұлттық домбыра күні тойланды. «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңға киіз үйлер тігіліп, қазақ ұлттық музыка аспаптарының музейі бой көтерді. Музейде Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов, т.б. ұлы сазгерлердің аспаптары көрсетілді.

2019 жылы қазақстандық журналист Ақмарал Баталова Сириядағы шиеленіс туралы репортаждары мен фильмі үшін WinTrade сыйлығында «Жыл әйелі» номинациясын жеңіп алды. А. Баталова – әскери дағдарыс кезінде ресми түрде Сирияға барып, репортаждар жасаған жалғыз қазақстандық журналист. А.Баталованы бұл сыйлыққа Сирия туралы жұмыстарымен танысқаннан кейін Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының өкілдері ұсынды.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай