Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жайықтың бойында отырықшы мәдениет болған – АҚШ тарихшысы

28 October 2021 19:36

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Назарбаев Университеттің профессоры, Колумбия университетінің тарих ғылымдары бойынша Ph.D докторы Юлай Шәмілоғлы Атырауда өтіп жатқан «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Сарайшық туралы әлем ғалымдарының не жазғаны жайында мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сарайшықтың 13-14 ғасырлардағы орнын жақсырақ түсіну үшін мен Алтын Орда территориясындағы отырықшы орталықтар туралы не білетінімізді жазбаша дереккөздерде тексеруді ұсынамын. Менің ойымша, Сарайшық туралы жазбаша ақпаратты Абу-ль-Фиданың «Тақвим-әль-булдан» деп аталатын географиялық еңбегінен табуға болады. Ол Алтын Орда территориясының кейбір отырықшы орталықтарына қысқаша шолу жасаған», - деп бастады ғалым «Алтын Орда қалалары және Сарайшық» атты баяндамасын.

Оның мәліметі бойынша Сарайшық туралы ең алғашқы толыққанды деректер Италия жазушысы Francesco Balducci Pegolotti жазған Pratica della Mercatura дейтін еңбекте берілген.

«Жоғарыда келтірілген Сарайшық туралы айтылмайтын араб дереккөздеріне қарағанда, сол кездегі сауда жолдары туралы, оның ішінде құрлық пен су жолдары туралы маңызды ақпаратты, әдетте, Италия жазушысы Francesco Balducci Pegolotti жазған Pratica della Mercatura немесе «Сауда туралы анықтама» деп аталатын маңызды тауарлық анықтамалықтан табуға болады. Ол 1335 және 1343 жылдар аралығында құрастырылған деп есептеледі. Бірақ оның кейбір дәлелдемелері бұрынғы кезеңге қатысты деген болжам бар. Пеголоттидің айтуынша, Танадан Астраханға дейінгі жол өгізбен 25 күн, бірақ атпен 10-12 күн және бұл жолда қарулы адамдар бар. Астраханнан Сарайға дейін өзенмен жүрсе, бір күн кететіні айтылған. Сарайдан Сарайшыққа дейін 8 күндік өзен жолымен жүруге болады. Ол құрлықта немесе су арқылы жүре алады, бірақ су жолы арзанырақ. Сарайшықтан Үргенішке дейін түйемен 20 күн жүруге болады, ал Пеголотти саудагерлерге арнайы базар болғандықтан сол жаққа баруға кеңес береді. Содан кейін Үргеніштен Отырарға дейін арбалы түйелермен 35-40 күндік жол жүреді. Бірақ Үргеніште ісі жоқтар үшін Отырарға 50 күндік тікелей бағыт бар. Пеголоттидің бұл бағыттағы сипаттамасы Отырардан Алмалық, Кансу мен Қытайға баратын жолмен жалғасады. Осылайша, біз 14 ғасырдың ортасында жазба дереккөздерде Сарайшық туралы айтылғанын көреміз», - деді ғалым.

Юлай Шәмілоғлы Сарайшық жері моңғол дәуіріне дейін де қасиетті жерлеу орны болуы мүмкін деген болжам айтты.

«Ол моңғолға дейінгі және моңғол дәуіріндегі сауда жолдарының бойында маңызды рөл атқарған болуы керек. Бұл Яйық өзенінің қиылысында ұзақ уақыт бойы қоныс болғанын көрсетеді. 13 ғасырдың екінші жартысында, 14 ғасырдың бірінші жартысында Сарайшыққа алдымен Сарай Бату, кейін Сарай Берке көлеңке түсірді. Бірақ 15 ғасырдың басында бастап, Сарайшық аймақтық маңызды орталыққа және ноғайлар мен қазақ хандары астанасына айналды», - деді АҚШ тарихшысы.


Up