Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жарқайың ауданы 95 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған - Ақмола облысы

26 October 2021 21:13

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Жарқайың ауданы халқының 95 пайызы бір орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Сонымен бірге, қосымша су көздері мен оны тарату жолдары қарастырылуда. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте аудан әкімі Жанболат Хамитов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Костычево және Гастелло ауылдарында ауыз суды тазарту стансалары орнатылса, Бірсуат ауылында сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, Шойындыкөл ауылындағы желілерді қайта жаңғырту бойынша байқау өткізілді, жобаның құны 484 миллион теңгені құрады», - деді аудан әкімі Жанболат Хамитов.

Қаланы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Державинск қаласындағы сумен жабдықтау жүйесін қайта құруға 400 миллион теңге бөлінді. Жобаның жалпы құны шамамен екі миллиард теңгені құрайды.

«Қосымша сумен жабдықтаумен қаланың өнеркәсіптік аймағы, ПМК-43 кенттері, мұнай базасы және гормолзавод қамтылады. Сонымен бірге, қосымша су көздері мен оны тарату жолдары қарастырылуда. Құмсуат, Нахимовка және Баранкөл ауылдарында ауыз сумен жабдықтау жұмыстарын қалпына келтіру қажет. Биыл біз Құмсуат және Нахимовка ауылдарының сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысына жобалық құжаттама әзірлейміз», – деді Жанболат Хамитов.




Аудан әкімі атап өткендей, Жарқайың ауданында жыл сайын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту бойынша кезең-кезеңмен жұмыс жүргізіледі. Бүгінгі күні екі қазандыққа жөндеу жүргізілді, Державинск қаласының №3 қазандығының технологиялық жабдығы ауыстырылды. Орталықтандырылған жылу жүйесіне 29 үй, 220 пәтер қосылды. Жылыту маусымына 90 миллион теңгеге 10 мың тоннадан астам көмір сатып алынды.


Up