Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Жанар-жағармай бағасын қолдан реттеу жалғаса ма

26 May 2022 13:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коммуналдық қызмет саласына қатытысты шектеулі тарифті енгізу мәселесі қаралып отыр. Бұл туралы Сенатта «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын іске асыруды талқылау кезінде Премьер-Министрің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы жыл басында Президент тапсырмасына сәйкес жарты жылға жанар-жағармай бағасының лимитіне, коммуналдық қызмет ақысына байланысты арнайы шешімдер қабылданғанын айта келе, осы жылдың екінші жартысында бұл бағыттағы бағаны қалыптыстыру қалай жүзеге асырылатынын сұрады.

Өз кезегінде Е.Тоғжанов жанар-жағармайға қатысты қойылып отырған сұрақтар өте орынды екенін, осы орайда 6 айға белгіленген кезең аяқталуға жақындағанын еске салды.

«Жанар-жағармайға байланысты тоқталсақ, оның ішінде АИ-92/93 бензині мен дизель отыны бар. Осы орайда 6 ай өткеннен кейін ары қарай жалғастыру (мемлекеттік реттеу) мәселесін талқылап жатырмыз. Коммуналдық қызмет саласына қатысты айтатын болсақ, жарты жыл мерзім өткеннен кейін шектеулі тарифті енгізу мәселесі де қаралып отыр. Бұл – қоғамның қатысуымен аймақтарда нақты талқыланып, шешім қабылданатын үлкен тақырыптар», - деді Ералы Тоғжанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл қаңтар айының басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай өнімдерінің бағасын мемлекеттік реттеу бойынша тапсырма берді.

Осы орайда мұнай өнімдерінің (бензин, дизель, сұйытылған газ) бағасына мемлекеттік реттеуді 180 күнге енгізу, халық үшін 180 күнге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізу қажеттігін қарастыру ескерілген.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жанар-жағармай бағасына қатысты пікір білдірді.

«Осы кезеңде Бас прокуратура Бәсекелестікті қорғау және даму агенттігімен, сондай-ақ Энергетика министрлігімен бірлесіп, осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуге тиіс. Егер бұл жұмыс бір жолға қойылмаса, жанар-жағармай бағасын реттеу жүйесі сақталады», - деді Президент.


Up