Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жаңа 20 мың теңгені шығару шығыны қандай

1 December 2021 10:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған номиналы 20 000 теңгелік мерейтойлық банкноттың шығыны басқа банкноттарға жұмсалған шығыстармен бірдей. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл банкнотты шығаруға жұмсалған шығындар басқа банкноттарға жұмсалған шығыстармен салыстырмалы түрде бірдей. Құны бойынша айырмашылықтар жоқ. Шығындардың негізгі үлесі материалдар мен жұмыстарды сатып алуға, атап айтқанда, банкнотқа бейнелер мен қорғаныш элементтерін қолдануға жұмсалды. Банкноттың дизайнын Ұлттық банк мамандары әзірледі. Банкноттар мен монеталарды шығару бойынша шығыстар Ұлттық банктің сайтында жыл сайын жарияланатын шоғырландырылған қаржылық жылдық есепте көрсетіледі», - делінген таратылған ақпартта.

Ұлттық банк мәліметінше, банкноттар екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) және «Қазпошта» АҚ арқылы айналысқа түседі. Банкноттарды аумақтық филиалдарға жеткізуге, ЕДБ-ның қолма-қол ақша алуға және тағы басқаларға арналған өтінімдеріне байланысты белгілі бір рәсімдік сәттер бар. Алдын ала деректер бойынша, банкноттар 2021 жылғы желтоқсанның бірінші онкүндігінде айналысқа шығады.

Мерейтойлық банкнот жаңартылған дизайнға және инновациялық қорғаныш элементтеріне ие болғандықтан, ЕДБ-ға және бизнес субъектілеріне банкноттарды қабылдау және беру үшін автоматты құрылғыларды бейімдеу және күйге келтіру үшін белгілі бір уақыт (4 айдан 6 айға дейін) қажет болады.

Бұған дейін Елбасы суреті бейнеленген жаңа 20 мың теңге айналымға шығатынын хабарлаған едік.



Up