Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Жамбылдық қариялар тұрғындарды бірлікке шақырды

18 January 2022 08:21

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының ақсақалдары тұрғындармен кездесіп, сындарлы сәтте ел Президентінің бастамаларын қолдауға, бір болуға үндеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының ақсақалдары елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстары жүргізуде.

Ауданға қарасты 15 ауылдық округте өткен кездесулерде ақсақалдар тыныштықты, татулықты, бірлікті сақтауға шақырып, қоғам тұтастығы – ел Тәуелсіздігінің кепілі екенін айтуда.




«Еліміз үлкен саяси дағдарыстан өтті. Мемлекет басшысы оған аса ден қойып, дер кезінде шешімдер қабылдады. Елдегі жағдайларға байланысты Конституцияның кепілі - Президентіміз нақты тапсырмалар жүктеп, халқымызға маңызды үндеу жасады. Салқынқандылық танытып, өз уақытында дұрыс шешімдер қабылдай білді. Ер бірлігін сақтаған Президентімізді қолдап, елді сабырға шақыру, бірге болу – біздің азаматтық міндетіміз. Қазақстан халқының басына түскен қиындық уақытша екені белгілі. Бүгінде ішкі тəртіп реттеліп, ахуал тұрақталды. «Тəубə» дейміз! Қазақ елінің бақытты күндері алда екеніне нық сенеміз! Еліміздің тыныштығы бұзылмасын»,-деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов.




«Президенттің ел тыныштығы жолында атқарып жатқан әр ісі бізге сенім сыйлап отыр! Біздер - ел зиялылары мен әр ауылдың абыз ақсақалдары қашанда ел тыныштығының тұрақталуын қалап, өрімдей жастарды сабырлыққа шақырамыз. Бізге, қарапайым халыққа ешқандай бүліктің қажеті жоқ. Балаларымызға, ұрпағымызға ақсақалдық жолмен ақылымызды айтып, түсіндірудеміз. Баға жетпес Тәуелсіздігіміздің құндылығын жоймай, бабалар рухына бас иейік! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын»,-деді Қайыңды ауылының тұрғыны Нұржан Рысбаев.




Кездесуде ауыл тұрғындарының ұсыныс-тілектері тыңдалып, бірқатар сауалдарына жауап берілді.





Up