Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Заңгерлер қауымы Тәуелсіздіктің 30 жылында атқарылған шаруаларды талқылады

3 December 2021 11:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Республикалық заң консультанттары алқасының ұйымдастыруымен Zooom конференция форматында алқалы жиын өтіп, Тәуелсіздіктің 30 жылында елдегі құқықтық жүйенің қалай дамығаны талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – құқықтық жүйенің дамуы» деген тақырыппен өткен жиынға ҚР Парламент депутаттары, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйым өкілдері, танымал қоғам қайраткерлері мен белсенділер, заңгерлер мен ғалымдар, Республикалық нотариат палатасы мен Жеке сот орындаушылары палатасының өкілдері, Республикалық консультанттары алқасы мен Сот сарапшылары палатасының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар қатысты.

Республикалық заң кеңесшілері алқасының төрағасы Серік Ақылбай Қазақстанның халықаралық құқық пен халықаралық қатынастардың дербес субьектісіне айналғанына биыл 30 жыл толғанын еске салып, осы жылдар ішінде Қазақстан халықаралық аренада абыройлы, өркендеген, дамып келе жатқан елге айналғанын атады.

«Тәуелсіз мемлекетті дамыту үшін жаңа құқықтық жүйе қажет еді. Мемлекеттік басқару қызметін заман талабына сай бейімдеп, азаматтық қоғамды, халықаралық қатынастарды дамыту үшін, экономиканы алға бастыру үшін жан-жақты сарапталған заңнама керек болды. Реформалар жүргізуге қажет заңнамалық база қалыптастыру жұмысы қарқынды жүрді. Бұл кезеңде құқықтық мемлекет құрып, заң үстемдігін қамтамасыз ететін конституциялық қағидаттар бекітілді», - деді заңгер.

Оның пайымынша, Қазақстанның құқықтық жүйесі әлемдегі үздік ғылыми стандарттарды басшылыққа ала отырып, табандап дамып келеді. Ал 1995 жылы қабылданған жаңа Конституция мемлекеттіліктің саяси, экономикалық, мәдени, құқықтық негізін айқындаған.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыстардың бәрін «Еститін мемлекет» принципіне бағыттап жатыр. Қоғамда әділет орнатып, тиімді мемлекет қалыптастыру оның басты ұстанымы болып отыр. Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара бірлескен әрекеті арқылы құқықтық саясат пен құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға баса көңіл бөлініп келеді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы экономикалық, саяси реформалардың аясында, цифрландыру мен мүгедек балалардың құқығын қорғау жұмыстары басым бағытқа айналған кезеңге дөп келіп отыр», - деген құқықтанушы бүгінгі таңда мемлекет пен қоғам өмірінде құқықтың рөлі артып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Президент заң шығару процесін жаңа сапалық деңгейге көтеру туралы міндет қойып отыр. Азаматтық қоғам өкілдерін нормашығармашылық поцеске тарту аса маңызды. Қазіргі кезде құқықтық білім беру мен құқықтық насихатты, құқықтық мәдениетті жетілдіру өзекті», - деді Серік Ақылбай.


Up