Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

UEFA Конференция лигасы: «Қайрат» Әзербайжан құрамасынан жеңіліп қалды

22 October 2021 00:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Конференция лигасы топтық кезеңінің үшінші турында қазақстандық «Қайрат» сырт алаңда Әзербайжанның «Карабах» командасына есе жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек «Қайрат» H тобында сынға түседі. Қарсыластары - Швейцарияның «Базель», Әзербайжанның «Карабах» және Кипрдің «Омония» командалары.

Бүгінгі кездесуде қос команда жеңіске жету жолын іздеді. Ойынның алғашқы минуттарында алаң иелері тарапынан басымдық байқалып тұрды. «Қайрат» қақпасы маңында көбірек бой көрсетті. Оған қазақстандық команда ойыншылары лайықты қарсылық көрсетті.

Жасыл алаңға бой үйреткен «Қайрат» футболшылары қарсы шабуылдар ұйымдастырды. Осындай сәттердің бірінде алматылық клубтан Хосе Конте әзербайжандық команда қақпасына белгіленген пенальтиді мүлт жіберген жоқ. Бұдан кейін алаң иелері алға қарай ұмтылып, таразы басын теңестіруге күш салды. Дегенмен таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Ойынның 79-минутында әзербайжандық Рамиль Шайдаев мергендік танытса, 91-минутта Аббас Гусейнов қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Қайрат» қарсыласына 1:2 есебімен жол берді.

Алғашқы екі турда «Қайрат» командасы небәрі бір ұпай жинады. Алдымен өз алаңында Кипрдің «Омониясымен» 0:0 есебімен тең түссе, сырт алаңда Швейцарияның «Базель» клубына 2:4 есебімен есе жіберді.

Енді «Қайрат» төртінші турда өз алаңында бүгінгі қарсыласы - «Карабах» командасымен тағы бір ойын өткізеді.

Сондай-ақ бүгін аталған топта «Базель» (Швейцария) мен «Омония» (Кипр) командалары шеберлік байқасады.



Up