Weather
Astana -4 °С
Almaty -6 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістанда эпидемиологиялық жағдай тұрақты

27 November 2020 00:40

ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат – Түркістан қаласында эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып, коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық шаралары жүріп жатыр.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық орталық аурухананың бас дәрігері Жанболат Ділдәбеков мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас дәрігердің сөзінше, пандемия кезінде 250 төсек орындық карантиндік стационарда 849 пациент емделген. Сондай-ақ, 16 пациент провизорлық стационарға ауыстырылған.

«Пандемия кезінде қалада 320 төсек орындық провизорлық стационарда 1384 пациент жазылып шықты. Covid-19 коронавирус инфекциясына ПЦР талдауына оң нәтиже берген 88 науқас инфекциялық госпитальға ауыстырылды. Ал, 50 төсек орындық инфекциялық госпитальда Covid-19 инфекциясынан 56 науқас жазылып шықты. Қайтыс болғандар тіркелмеді», – деді бас дәрігер.

Сондай-ақ, ауруханада эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің ішінен коронавирус инфекциясын жұктырған 11 адамға, оның ішінде 8 дәрігерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін бір реттік әлеуметтік төлем ретінде екі миллион теңгеден төленген. Бүгінде облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан COVID-19-дың алдын алу және емдеу бойынша іс-шаралардың (А,Б,В,Г) жоспары бекітілген. Індеттің екінші толқынына байланысты 250 төсек орындық провизорлық стационар мен «Ақмарал» клиникасында 70 төсек орындық провизорлық стационар, барлығы 320 төсек орындық провизорлық стационар ашуға толық мүмкіншілік бар.


Up