Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Топ қасқырмен бетпе-бет келген әже: Қанипа Жылысова қалай аман қалғанын айтып берді

18 September 2021 12:25

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Ақсуат ауылында жеті қасқырмен бет-бет келіп, ажал аранынан құтылып шыққан Қанипа Жылысова жайлы талай аңыз айтылып жүр. Біреулер бұған сенбей «мүмкін емес» деп басын шайқаса, басқалалары әсерлі болсын деп үсті-үстіне әсіреліп айтады. Соның ақ-қарасын білу үшін сексеннің сеңгірінен асқан әжемен әңгімелесіп қайтқан едік.

- Қанипа әже, көз алдыңызда қайта-қайта көлбеңдейтін сол бір оқиға жайлы айтып берсеңіз...

- Бұл осыдан ондаған жылдар бұрын болған. Үйдегілер мал суғарып біткенше тағылар келіп тимесін деп жан-жаққа көз тастап тұрдым. Түс ауған шақ.

Отбасы мүшелерімен отарды моншаның бер жағындағы қоршауға қамап, ауқаттанып алу үшін үйге кірдік. Арада бір шай қайнатым уақыт өткенде сырттан дабырлаған дауыстар шығып кетті.

Өре түрегеліп, атып шықсақ, қасқырдан үріккен қойлар қабырғаға үйелеп қалыпты. Сол арада түз тағылары қой мен ешкіні жарып, ағып жатқан арыққа сүйреп үлгерген.

Артынан бірнеше дүркін мылтық аттым. Әлгі қасқырлар мылтық дауысын естісе де алысқа ұзамады.




- Сонда ауыл іргесіне қасқыр жиі келетін болып тұр ғой?

- Ондай оқиға бірінші рет болып тұрған жоқ. Тұрғындардың біреуі өтпей қалған мал терілерін ауыл шетіне апарып тастай берген. Қасқырлар қайта айналып келіп, әлгі терілерді кеміріп жеп жатты.

Келесі күні таңсәріде жолдасым Қайролдаға Алғабас ауылына барып, азық-түлік әкелуін сұрадым. Отағасы «Шаруаларым көп, өзің бар» деді де қойды. Сөйтіп, құла биені шанаға жектірдім де жолға шықтым.

Адам мінездес жануар бірдеңені сезсе керек, жүргісі келмей, қамыс құлақтарын тікірейтіп, тұрып қалды.

«Ауырып тұр ма өзі?» деп ойладым. Құла биемен қалың қарды омбылап отырып зират тұсына жеттім. Қолыма не қамшы, не шыбық та алмаппын. Құла бие кенет жүрісін баяулатты.

Сәлден соң желе жөнелгенімен, зират тұсынан түсіп, ойға жете бергенде жүрісін тағы ақырындатты. Енді қайтпек керек? Үстімдегі тонды шешіп астыма басып, аттың сауырыннан соқтым. Бір қауіптің барын сезген жануар шарасыз күйге түскендей, тым зорға жүріп келеді.

Бар ойым ауылға аман-есен жетіп, азық-түлікті түгендеу. Сәлден соң қарсы алдымда 100 метрдей жерде қасқырды көрдім. Тура бір арыстан сияқты. Түз тағысы әу баста зиратқа таяған тұста арық жиегінде тұрғанда-ақ көзіме шалынып қалған. Сол кезде бейсауат жүрген жылқы деп ойладым. Әккі хайуан мені алыстан сезіп, зиратты айналып келіп алдымнан шықты.

- Сол кезде ең бірінші не ойладыңыз?

- Жақын маңдағы фермаға жетіп, аман қалуды ойладым. Құла бие қамшы салдырмай құйғытты. Жақын тұстағы қыстауды бетке алдым. Кенет бие қалың қарға күмп етіп кірді де кетті. Абырой болғанда, мөңки-мөңки омбылап шыққан құла бие фермаға қарай тартып отырды.

Қыстауға таяй бере ескі қызыл үйдің жанындағы арыққа келіп тоқтағанымда қарсы алдымда қасқайып тұрған сол қасқырды қайта көрдім. Бұл жолы бір емес, жеті қасқыр! Зәрем ұшып, Алғабасқа апаратын қасқа жолға шықтым. Шапқаннан шауып отырып Серпек деген танысымның үйіне жеттім. Серпек қолына қаруын алып, ара-тұра аңға шығып жүретін-ді. Дәл сол күні Ақсуатқа кете қалыпты. Ал ауыл шетінде азу тісін ақситып әлгі жеті қасқыр қарап тұрды.

Үлкен қызым Раушан Алғабас ауылында тұратын. Жағдайды бір бағамдап, қызымның үйіне келдім. Құла биені суытайын деп ер-тоқымды алып қарасам жыртқыштан қашып жанталасқан жануардан тер парлап ағып тұр.

Үйдегілерге айтып биенің арқасына тон жаптырдым да үйге кірдім. Ал бағанағы жеті қасқыр сол күні-ақ ауылдағы көк байталды жарып кетті. Осы жайттан кейін ел ішінде небір әңгімелер желдей есіп, мен жайлы күршімдіктер жиі айтып жүрді.

«Қанипа бір қой, бір ешкі сойып әкеле жатыр екен. Соны топ қасқырға жіліктеп лақтырып отырып аман қалыпты» деген әңгімелер де болды.

- Бұдан басқа да есте қаларлықтай оқиғалар болды ма?

- Шопан болып жүргенімде бастан өткен қызықты жайттар көп болған. Алыстан мылтықпен көздеп тұрып саршұнақты сұлатып түсірген, айлы түнде үй ауласында төбе көрсеткен аюды жіптен босап кеткен сиыр екен деп шатастырып, соңынан түскен сәттерім әлі есімде.

Алайда бір емес, жеті қасқырдың аранынан аман құтылған сол бір оқиға күні кеше болғандай көз алдымда.


Up