Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Тоқаев Үндістан мен Орталық Азия елдеріне өңіраралық көлік-логистикалық консорциум құруды ұсынды

27 January 2022 18:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан мен Орталық Азия елдеріне өңіраралық көлік-логистикалық консорциум құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Орталық Азия әлемдік шаруашылық байланыстары жүйесінде көлік-логистикалық зор әлеуетке ие. Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық транзит дәлізі өтеді. Оның ішінде 5 теміржол мен 6 автомобиль бағдары Шығыс-Батыс және Оңтүстік-Солтүстік бағыттарда жүк қозғалысының жоғары жылдамдығын қамтамасыз етеді. Солтүстік-батыс бағытындағы Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі бірыңғай кеден аймағын ескерер болсақ, Ресейдің, сонымен қатар Шығыс Еуропаның бірқатар елінің нарығына кедергісіз кіру мүмкіндігі бар. Жылдық қуаты 26 млн тоннаны құрайтын Қазақстанның Ақтау мен Құрық порттары арқылы өтетін оңтүстік-батыс бағдарының да келешегі зор. Олар Каспий теңізі арқылы Каспий өңірі елдеріне, Түркияға және одан ары Батысқа кеңінен шығу мүмкіндігін береді», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев «Үндістан – Орталық Азия» саммиті барысында.

Мемлекет басшысы соңғы 10 жылда елімізде ұлттық көлік инфрақұрылымын дамытуға шамамен 30 млрд доллар инвестиция салынғанын атап өтті.

«Келешекте біз оны жаңғыртуға мол инвестиция салуды жалғастырамыз. Теңізге шығу жолы жоқ еліміз үшін бұл мәселенің стратегиялық мәні бар. Орталық және Оңтүстік Азияның өзара байланыстылығы сәулетінің басты элементі сенімді, тиімді әрі қауіпсіз транзиттік инфрақұрылым құру болуы тиістігіне сенімім мол. Ол үшін өңіраралық көлік-логистикалық консорциумын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Аталған құрылым Үндістан және Каспий теңізі мен Парсы шығанағы порттары бағытындағы көлік бағдарларында толыққанды әрі өзара тиімді жүк тиеуге қатысты ұлттық саясатты тиімді үйлестіруді қамтамасыз етер еді», - деді ҚР Президенті.


Up