Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Оралда бокстан ерлер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді

8 December 2021 17:30

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында бокстан ерлер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, ел біріншілігі қаладағы теннис орталығында 15 желтоқсан күні басталып, 23-інде мәреге жетеді.

Жыл соңындағы айтулы додаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарынан 300-ге жуық боксшы қатысып, чемпиондық атақты сарапқа салмақшы.

Бокстан БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Саттар Сұлтанғалиевтің айтуынша, біріншілікте 13 салмақ дәрежесі бойынша боксшылар рингке шығады. Батыс Қазақстан облысының намысын 11 спортшы қорғайды деп жоспарланып отыр. Олардың арасында өткен жылы 18 жасында Қазақстан чемпионы, биыл Азия біріншілігінің күміс жүлдегері атанған Даниял Сәбит бар. Даниял 48 кг салмақта бақ сынайды.


Up