Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Солтүстік Қазақстанда ірі қара мал белгісіз аурудан қырылды

29 July 2021 18:02

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы Мортық ауылында тұрғындардың оншақты бұзауы белгісіз аурудан өлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қайырлы Қазановтың айтуынша, 21 шілде күні Уәлиханов ауданы Мортық ауылында бірнеше ірі қара малдың өлгені жөнінде телефон хабарламасы түскен.

22 шілде күні оқиға орнына ветеринарлық қызмет мамандары барып, эпизоотикалық тексеру жүргізді. Арам өлген 7 бұзаудың өлексесі табылды.

«Ветеринарлар барғанда мал ісініп, бұзыла бастаған екен. Мұндай жағдайда малдың неден өлгенін анықтау мүмкін емес, өйткені ауруды анықтау үшін сынама мал өлгеннен кейін 2-3 сағаттың ішінде алынуы керек. Сондықтан тек қана болжам жасап отырмыз. Мал шөптен уланған немесе пастереллез болуы мүмкін», - дейді Қайырлы Қазанов.

Мортық ауылында 600 бас қара мал, 2 мыңға жуық қой-ешкі және 800-ге жуық жылқы бар. Тұрғындар түлікті ауылдан 7 шақырым жердегі жайылымда бағады екен.

Мамандар өлген малды жағып, орнын Дизолдың 1,5 %-дық ерітіндісімен залалсыздандырды.

Сондай-ақ ауру таралмауы үшін эмфиземалы көршиқанға, яғни қарасанға қарсы 400 қара малға екпе егілген.

Ветеринарлар жағдайды бақылауда ұстап отыр, әзірге мал қырылуының жаңа жағдайлары тіркелген жоқ.


Up