Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО кенже қалған қой шаруашылығын дамытып жатыр

29 November 2021 21:01

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл ауыл шаруашылығы саласында 34 жоба қолға алынса, соның үшеуі асыл тұқымды қой басын көбейтуге қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінің мәліметінше, биыл өңірде ауыл шаруашылығының 34 жобасын жүзеге асыру міндеті тұр. Жалпы сомасы – 48 млрд теңге.

Оның 16-сы 9 мың басқа арналған сүт фермасының құрылысы, біреуі шошқа фермасын үлкейтуге қатысты, екеуі – 13 мың малға шақталған бордақылау кешені, үшеуі асыл тұқымды қой репродукторы, екеуі 6 мың тонна ет өндіретін құс фермасы, 2,8 мың тонна өнім шығаратын жылыжай, 7 астық қоймасы, бір тұқым зауыты және майлы дақылдарды өңдейтін цех құрылысы.

СҚО-ны 2021-2025 жылдары кешенді дамыту жоспары аясында биыл республикалық қазынадан 15 млрд теңге бөлінді.

Нәтижесінде облыстың барлық аудандарын қамти отырып, 6 бағыт бойынша 17 ауыл шаруашылығы жобасы қаржыландырылды.

Соның ішінде өңірде кенже қалған қой шаруашылығы дамытылып жатыр.

Шаруашылықтар 12 мың тоқты сатып алды. Соның ішінде республикадан бөлінген қаражатқа Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан 5,2 мың асыл тұқымды еділбай және қазақы қойлар жеткізілді.

Нәтижесінде өңірде қой шаруашылығының үш репродукторы құрылып жатыр. Олардың біреуі Жамбыл ауданында, қалған екеуі Тайынша ауданында жұмыс істемек.


Up