Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-ның бірқатар қала, ауданында жаңа мектептер бой көтермек

16 June 2021 18:40

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының бірқатар қала, ауданында жаңа мектептер бой көтермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2022 жылы Риддерде 600 орындық білім ордасы пайдалануға беріледі. Семейдегі Восточный және Степное шағынаудандарындағы 1200 және 300 орындық екі мектеп бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын тұр.

6 мектептің құрылысы «Әр азаматқа лайықты өмір» атты «Nur Otan» партиялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Осы орайда, аймақ басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстанда апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілгенін, ал мектеп салу қажеттілігін нақты қарастыру үшін ауылдар мен кенттердегі оқу орындарының толтырылуына сапалы талдау жүргізу маңыздылығын атап өтті. Бұл жұмысқа облыс әкімі бір апта уақыт берді.

«Мұндай талдау Бестерек ауылындағы мектеппен байланысты қателіктерді қайталамау үшін жасалады. Онда жап-жақсы үш қабатты ғимараттың жартылай бос тұрғаны анықталған еді. Бұл мәселені зерделейтін комиссияға тек қалалар мен аудандардың әкімдері ғана емес, білім, экономика және бюджеттік жоспарлау, құрылыс басқармаларының өкілдері де кіреді», - деді аймақ басшысы.




Қазір мектеп құрылысының бірнеше жобасы әзірленуде. Олардың екеуі облыс орталығында орналасатын болады. Жаңа шағын ауданда бір оқу орны салынады, екіншісі математика пәнінен дарынды балаларға арналған альма-матер болмақ.

Сондай-ақ жаңа мектептер Семейдегі Қарағайлы шағын ауданында, Аягөз қаласында және Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде пайда болады. Бұдан бөлек, Урунхайка ауылында 80 орындық мектеп салу жобасына түзетулер енгізілуде. Өйткені мектеп құрылысының құны негізсіз қымбат болған.

Бүгінгі таңда облыста ағаштан және саманнан тұрғызылған 51 мектеп бар. Олар қанағаттанарлық жағдайда, дегенмен жаңаларын салу үшін нақты қай жерде қажеттілік бар екенін анықтау қажет.


Up