Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО құтқарушылары «жойқын жер сілкінісіне» дайындалу үшін оқу-жаттығу өткізуде

21 September 2021 14:39

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары Алматы облысындағы «Жер-2021» халықаралық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 21 қыркүйекте Алматы облысының Тамғалы Тас шатқалындағы оқу-жаттығу полигонында жойқын жер сілкінісі болған кезде іс-әрекетті пысықтау үшін арнайы дайындық басталды. Оған облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасы мен ТЖД өкілдері және басқа да басқармалардың азаматтық қорғау қызметкерлері қатысуда.

Оқу-жаттығу сценарийі бойынша Алматы облысында жойқын жер сілкінісі басталған. Соған орай жоғары әзірлік режиміне көшу, жер сілкінісіне қарсы қабылданған шараларының тиімділігі мен деңгейін арттыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою кезінде азаматтық қорғау күштерінің үйлесімді іс-қимыл жасауы көзделді.




«Біздің алдымызда жер сілкінісі нәтижесінде туындаған төтенше жағдайларды жоюға дайындық деңгейін арттыру міндеті тұрды. Зардап шеккен аймаққа көмек көрсету үшін автокөлікпен және теміржол арқылы құтқарушыларды, техникаларды жөнелтуді жедел ұйымдастырдық», - деді Өскемен қалалық ТЖБ аға офицері Валентин Литвиненко.

Барлығы Өскеменнен 1 автоколонна құрылды. Оның құрамына 56 адам және 23 техника кірді. Автоколонна жергілікті полиция қызметімен бірге Алматы облысына қарай бағыт алады.

Оқу-жаттығудың екінші кезеңінде теміржолмен азаматтық қорғаудың инженерлік құрамаларынан 28 адам және 6 техника жіберілді. Штаб Алматы қаласында негізгі құтқару қызметтерінің бірлескен іс-қимылдарын әзірлеу және үйлестіру үшін құрылды. Бөлімшелерді онлайн-трансляцияға қосу тәжірибесі қолданылды. Бұл жүргізіліп жатқан жұмыс туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.








Up