Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-да биыл Qoldau 24/7 қосымшасы арқылы 600-ден астам шағым түскен

28 July 2021 12:39

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері Qoldau 24/7 қосымшасы арқылы 600-ден астам шағым түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры іске қосқан Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы тұрғындар тарапынан түскен мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

«Бұл қосымшаның басты қызметі халыққа медициналық көмек бойынша кеңестер беру, азаматтардан шағымдар мен өтініштерді қабылдау. Сонымен қатар медициналық қызметтің сапасына баға беруге мүмкіндік туғызу. Өңірде жыл басынан бері осы платформаның көмегіне жүгінгендер саны артып отыр. Биыл 638 түрлі сауалдар мен өтініштер келіп түссе, оның 605-і медициналық қызметке қатысты шағымдар», - деп хабарлады «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ШҚО бойынша филиалының баспасөз қызметі.

Мамандардың айтуынша, қазіргі жағдайда тұрғындар мен медицина қызметкерлері арасында кері байланысты қамтамасыз ету үшін Qoldau-24/7 қосымшасы ең тиімді тәсіл.

«Мұнда азаматтардан келген барлық өтініштер өңделіп, тіркеу нөмірімен өтініштер тізіміне түседі. Бұдан бөлек, арыз-шағымдарға мониторинг жүргізіліп, қажет болған жағдайда белгіленген мерзімде шешім қабылдау үшін сараптамалық бағалауға жіберіледі. Кейін аталған мобильді қосымша арқылы өтініш берушінің аккаунтына жауап берілетін болады», - деп түсіндірді филиал директоры Ғалымжан Әбілов.


Up