Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Пышақ және оқ жарақатын алған: СҚО полицейлері қаза тапқан әріптестерін еске алды

23 June 2021 21:39

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер кәсіби мерекелерін қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан әріптестерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде ішкі істер органдарының 8 қызметкері қызмет бабында мерт болған. Олардың есімдері полиция департаментінің алдындағы тақтаға қашалып жазылған.

Қаза болғандардың алғашқысы - Павел Заикин. Оны 1935 жылы қылмыскерлер өлтіріп кеткен.

Мемориал тақтадағы соңғы есім – СҚО ІІБ жанындағы күзет басқармасы полиция батальонының жас қызметкері Мұңайтпас Жиентаев. Ол ішкі істер органдарында небары үш-ақ жыл жұмыс істеді.

1999 жылы 20 маусымда ол соңғы кезекшілігіне шықты. Оған «Казвтормет» ЖШС нысаны сеніп тапсырылған еді. 25 жастағы полиция сержанты қарақшылық шабуыл барысында қаза тапты. Қылмыскер полицейге пышақ сұғып, екі рет оқ атқан.

Полиция департаментінің басшылығы, жеке құрам және ІІО ардагерлері қызмет барысында қаза тапқан әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Олардың құрметіне үш мәрте салют беріліп, мемориалға гүл шоқтары қойылды.

«Қаза болғандардың ерліктері мәңгі есімізде қала бермек. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде өз өмірлерін қиған әр қызметкер – ерліктің, Отанына, халқына, антына деген адалдықтың үлгісі. Оларға құрмет көрсету жас буын қызметкерлерге адамгершілік бағдары болмақ», - дейді СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев.








Up