Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Президентке капиталды жылыстатуға қатысты жұмыс нәтижесі баяндалды

20 May 2022 17:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Агенттіктің көлеңкелі экономикаға, қаржылық пирамидаларға және елден капиталды жылыстатуға қарсы күрес саласындағы жұмыстардың нәтижесі туралы баяндалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысына берілген деректерге сәйкес жыл басынан бері 727 экономикалық құқықбұзушылық анықталған және 67 млрд теңгенің шығыны өтелген.

Президентке адал бизнеске жасалатын қысымды жою жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, Жанат Элиманов құқық қорғау органдарына тән істерді жалпы қозғау тәжірибесі жойылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта тіркелетін қылмыстардың саны жыл сайын азайып келе жатқаны байқалады. Тергеу амалдарының мерзімі 3 есе, ақтау белгілері бойынша тоқтатылған істер саны үштен бірге қысқарған. Нәтижесінде мыңдаған азамат пен кәсіпкерлер қылмыстық қудалау аясынан шығарылды. Сондай-ақ, соттарға жүгінетін адамдардың саны да айтарлықтай азайған.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің құқықтарын мүлтіксіз қорғау қажет екеніне мән беріп, Агенттік басшысына бірқатар тапсырма берді.


Up