Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Президент тапсырмасы: Екібастұзда көмір өндірісінің көлемі азайтылады

17 June 2021 13:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Екібастұз қаласын дамытудың кешенді жоспары аясында қандай шаралар іске асатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екібастұздың индустриялық аймағында жалпы құны 227,5 млрд теңге болатын инвестициялық жобалар қолға алынады. Қазір қалада энергия блоктарын жаңғырту жобасы жедел жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі –Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз әзірлейтін Екібастұзды дамытудың кешенді жоспарының бір бөлігі. Кешенді жоспарды әзірлеуге тәуелсіз мамандар белсенді қатысты. 1,5 мыңнан астам ұсыныс қабылданып, 100-ден астам сараптамалық кеңес өтті. Өткен демалыс күндері біз бизнес-қоғамдастықпен, белсенділермен, қоғам белсенділерімен және қаланың табысты тұрғындарымен пікір алмастық», - деді облыс әкімі орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.

Аймақ басшысы жергілікті әкімдіктің алдында қаланың отын энергетикасына тәуелділігін азайту міндеті тұрғанын атады.

«Жоспардың негізгі мақсаттарының бірі – Екібастұз экономикасының отын-энергетикалық кешенге тәуелділігін төмендету. Ол үшін көмір өндірісін төмендетіп, инновациялық технологияларға көшу қажет. Қаланың өнеркәсібінде өңдеу саласының үлесін ұлғайтамыз. Бұл бағыттағы жобаларды қаржыландыру үшін бюджеттің 1 теңгесіне жеке инвестицияның 10 теңгесін тартуды көздеп отырмыз», - деді Әбіқайыр Сқақов.

Сондай-ақ, облыс әкімі Екібастұзда жаңа баспаналар бой көтеретінін мәлім етті.

«Кешенді даму жоспары қала тұрғындарының тұрғын үй, жұмыспен қамту және басқа да салалардағы күнделікті проблемаларын шешеді деп күтіп отырмыз. Қазір Екібастұзда 5 тұрғын үй салынып жатыр. Өткен аптада ғана 5 тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұл пәтерлердің бәрі баспана кезегінде тұрғандарға табысталды. Тұрғын үй құрылысына да жеке инвестицялар тартуды өзімізге міндет етіп қойдық», - деді Павлодар облысының басшысы.


Up