Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Петропавлда ЖЭО-ның жартылай құлаған мұржасы толық бұзылатын болды

26 May 2022 17:24

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы жылу-электр орталығының жартылай құлаған түтін мұржасы толық бұзылады. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлдағы проблемалы нысандарды аралап, баспасөз турын өткізді. Сапар барысында облыс орталығындағы жылу-электр орталығына қатысты тілшілердің сұрағына жауап берді. Өңір басшысының айтуынша, нысанның опырылып құлаған түтін мұржасы толық бұзылады. Сараптама мұржаны қалпына келтіру мүмкін еместігін көрсеткен.

«Қайта көтеріп тұрғызуға келмейді. Ол 1961 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір ЖЭО-дағы 11 жұмыс қазандығын қалған екі мұржаға қосу үшін қажетті техникалық шешімдер қаралып жатыр. Жұмыс режимінде 9 қазандық істеуі керек, күн суытқанда 10-ға жеткізіп, тағы біреуі резервте тұруы қажет. Ақша бар. Инвесторлар толық өз қаражаттарына жөндейді. Ол шамамен 17,5 млрд теңге. Тарифті өсірмейміз. Тұрғындар негізінен осы мәселеге алаңдаған еді. 587 тонна мұржа керек еді, оны таптық. Қазандықтарды бөлек-бөлек Петропавлда, Теміртауда және Екібастұзда жөндейді. Бұған дейін оны 3-4 жылда біртіндеп жөндейміз деп жоспарлаған едік, енді кейінге қалдыруға болмайды, күрделі жөндеуден өтеді», - деді Құмар Ақсақалов.

Петропавлда құрылыс қызған, көпқабатты баспаналар салынып жатыр. Әкімнің айтуынша, әзірге ЖЭО-ның қуаты жеткілікті, бірақ-та болашақта оның мүмкіндіктерін арттыру қажет болады.

Естеріңізге салайық, 20 наурызда Петропавлдағы жылу-электр орталығының түтін мұржасы жартылай опырылып құлаған еді. Салдарынан жұмысшы әйел мерт болды. Ал облыс орталығында тұрғындар пәтерлерінің суып кеткеніне шағымданды. Кейін осы кәсіпорынның бірнеше басшысы қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды.


Up