Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда бір ай бұрын жоғалған адам банк картасының көмегімен табылды

30 July 2021 15:37

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 1 шілдеден бастап хабарсыз кеткен 41 жастағы ер адамның жүрген жері банк картасының көмегімен анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы Жұмысшы кентінің 41 жастағы тұрғыны жоғалғандығы жөнінде оның әйелі полицияға арызданған. Ер адам 1 шілде күні үйінен кетіп, телефонға жауап бермеген.

Криминалды полиция қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарын бастап, ер адамның таныстарымен, әріптестерімен, көршілерімен сөйлесті. Волонтерлер де көмекке келіп, петропавлдықтың мәліметі әлеуметтік желіде жарияланды.

Сол екі арада «102» каналына жоғалған ер адамның банк картасы арқылы Петропавлдағы азық-түлік дүкендерінің бірінде әйелдің есеп айырыспақ болғаны жөнінде хабарлама түседі. Осы арқылы тәртіп сақшылары ер адамды аман-есен тауып алды.

Полицейлердің айтуынша, ер адам бір ай бойы қалада және қала маңындағы ауылда таныстарында болған. Туыстары телефон шалғанда жауап бермеген. Қазір ер адам полиция бөлімшесіне жеткізілді, оның үйден кетуінің мән-жайы анықталып жатыр және мұндай жағдай қайталанбауы үшін профилактикалық әңгіме жүргізілмек.

Жалпы СҚО полицейлері жыл басынан жоғалған 220 адамды іздеді. Олардың 219-ы бір күн ішінде табылған.


Up