Weather
Astana -11 °С
Almaty 1 °С
Exchange rates
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Павлодар облысында көлігі бұзылып, далада қалған жүргізуші құтқарылды

24 January 2020 21:18

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар обллысында полиция 52 жастағы жүк көлігінің жүргізушісін құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«22 қаңтар күні көлігім бұзылып қалды. Ауа райының қолайсыздығынан, жол көрінісінің нашарлауына байланысты тасжолда жалғыз қалдым. Бірде-бір көлік не адам жоқ. Тамақ пен су кешке таусылып қалған, жанармай да бітуге шақ қалды. Мен мұнда қарда қалып қаламын деп ойлап едім. Жол мүлдем көрінбейді» – деді КамАз жүргізушісі Ермек Күзербаев.

Павлодар облысының Полиция департаментінің өкілдері 52 жастағы Ермек Күзербаевтың өзінің жүк көлігімен Шымкент қаласынан Павлодарға 21 қаңтар күні таңертең шыққанын хабарлады.




«24 қаңтар күні сағат шамаен 14:00-де Павлодар-Қызылорда тасжолын торуылдау кезінде оның Қарағандыға жетпей 240-шы шақырымында жол жиегінде тұрған КамАзды байқадық, -деді патрульдік полиция ротасы қызметінің аға инспекторы майор Арман Ғинаятов.

«Біз әріптесім, аға сержант Төлеутай Құдайбергенов екеуміз, келіп, терезесін қақтық. Өзін Шымкенттен келе жатқан Ермек деп таныстырған ер адам шығып, бізді көріп мәз болып қуанып қалды».




Полицейлерге жүргізуші оның КамАзы екі күн бұрын бұзылып, екі тәуліктен бері тамақ ішпегенін айтқан.




«Біз әріптесім екеуміз жақын жердегі Степной ауылына барып су мен тамақ алып келдік. Келіп, оны тамақтандырған соң Шідерті ауылына барып, қажетті көлік бөлшектерін сатып әкелдік», - деді Төлеутай Құдайбергенов.




«Келіп КамАзды жөндедік. Ермек бізге алғысын айтып, әрі қарай жолға шықты. Кейін хабарласқанымызда, оның межелеген жеріне жеткенін білдік».





Up