Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Отыз жылда тәуелсіз мемлекетіміздің сенімді іргетасы қаланды - Мәулен Әшімбаев

16 September 2021 16:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың күн тәртібіндегі басымдық – адами капиталдың сапасы, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау. Бұл пікірді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев XVII Еуразиялық медиа форумда айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында сабақтастық, әділдік және өрлеу сияқты дамудың нақты бағдарын айқындады. Мемлекет Басшысының саясаты елдің экономикалық және саяси жүйелерін әрі қарай жаңғыртуға бағытталған. Ең алдымен, бұл экономика құрылымын әртараптандыру, оны цифрландыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және экспортты кеңейту», - Мәулен Әшімбаев Еуразиялық медиа форумда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған сессияда.

Сенат төрағасы соңғы екі жылда Қазақстанда кешенді саяси реформалар жүргізілгенін еске салды. Реформалар жалғасып келеді, бұл ретте адам құқықтарына ерекше назар аударылады.

«Жалпы, елдегі саяси реформалар сәнге еру немесе сайлаушылармен ойын ойнау емес. Бұл ел Президенті айқындаған мемлекеттің стратегиялық бағыты, ол өз кезегінде елдің алдағы жылдардағы саяси тұрақтылығы мен серпінді әлеуметтік-экономикалық дамуының шарты болып саналады», - деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ, Сенат төрағасы елімізде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты негізінде мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың күн тәртібіндегі басымдық – адами капиталдың сапасы, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау. Қазіргі уақытта Қазақстан – қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Отыз жылда көп нәрсе жасалды. Ең бастысы – тәуелсіз мемлекетіміздің сенімді іргетасы қаланды. Дегенмен алда одан да көп нәрсе істеу керек. Мемлекеттіліктің іргетасын сақтап және нығайта отырып, Қазақстанды әлемге ашықтық, толеранттылық және демократия қағидаттарында одан әрі дамыту өте маңызды», - дейді М. Әшімбаев.


Up