Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Нұр-Сұлтанда жүрек донорларының құрметіне арт-нысан ашылды

22 October 2021 13:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жүрегін донор еткен жандардың құрметіне арнайы инсталляция орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа инсталляция Ботаникалық бақ аумағында ашылды және ол «Сый» (Дар) деп аталады.

«Арт-нысан жасау идеясын маған «Жүрек орталығы» ұсынды. Ұсынысты қуана қабыл алдым. Өздеріңізге аян жүрек адамның басты ағзасы. Бірнеше эскиз жасап ұсындым, соның ішінен бүгінгі ашылып жатқан инсталляцияны таңдап алды. Арт-нысан жүрек формасында тростан жасалған. Қызығы сол, туындыны әркім әрқалай қабылдап жатыр, біреу жүрек формасында десе, екіншісі шамға ұқсатып жатыр», - деді жоба авторы Эдуард Казарян.

Автор аталған туындыны жасауға 6 айға жуық уақыт жұмсаған.




«Елордамызда адам өмірінде маңызды жайттарға қатысты жаңа дүниелер пайда болып жатқанына қуаныштымыз. Мағынасы терең әрі керек жоба деп ойлаймын. Адамға ой салады. Бір жағынан өмірді бағалау керектігін еске салса, екінші жағынан донор болу адамгершіліктің белгісі екені көрсетіп отыр. Әкімдік тарапынан осы секілді қоғам үшін маңызды жобалар мен шараларды қолдауға әрдайым дайынбыз. Жоба авторы мен оны жүзеге асырған жандарға алғысымды білдіремін», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов.

Жүрек донорларының құрметіне қойылған арт-нысанды ҚР Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының бастамасымен «Жүрек орталығы» қоры жүзеге асырып отыр.




«Арт-нысанды елорда төрінде ашу туралы идеяны біздің ұжым көтерді. Бұл жүректерін донор еткен жандар мен олардың жақындарына деген құрметтің белгісі. Өйткені, донор болу ол жүректің қалауы және оңай шешім емес. Донор болу – қайырымдылық іс, бұл жерде пайда көру деген секілді жеке мүдде көзделмеуі тиіс. Туынды көрген адамдар біле жүрсін деген мақсатымыз да бар, өйткені жүрегін донор еткен жандар өзге біреудің өмірін құтқарды», - дейді ҚР Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының басқарма төрағасы Юрий Пя.


























Up