Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Нұр-Сұлтанда Олимпиада күні аталып өтті

23 June 2021 17:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ел аймақтары арасында өткізілген Халықаралық Олимпиада күні эстафетасы 23 маусым күні Нұр-Сұлтандағы урбан-спорт мерекелік фестивалімен аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті маусым айын тұтастай олимпиадалық құндылықтарға арнады. Бұл ай халықаралық және Қазақстан олимпиадалық қозғалысының «Біз біргеміз! Тезірек, биігірек, мықтырақ – бірге» ұранымен өтті.

















3х3 баскетбол, стритбол, стрит-воркаутерлер мен каноэшілер және текбол – бұл салыстырмалы түрде спорттың жаңа түрлері, футбол мен үстел теннисінің гибриді саналады. Текболды ойлап шығарған команда жаңа спорт түрін олимпиада бағдарламасына енгізуге тырысуда. Одан бөлек, елорданың ең жас тұрғындарына арнап Токио-2020 Олимпиадсына жолдама иегерлері, ұлттық құрама мүшелері Кирилл Герасименко мен Анастасия Лаврова шеберлік сабағын өткізді.

«Баршаңызды Халықаралық Олимпиада күнімен құттықтаймын! Олимпиада ойындарының басталуына бір ай қалғанын ескерсек, бұл шынымен де маңызды мереке. Олимпиаданы бір жылға шегергеннен кейін бұл ойынға қатысу мүмкіндігін алу мен үшін үлкен қуаныш. Ал Олимпиадада Анастасия Лаврованың да бақ сынайтыны қуанышымызды еселей түседі. Осындай іс-шараға қатысып, кішкентай спортшылардың қызығушылығын көргеніме қуаныштымын!», - деп құттықтады Кирилл Герасименко.

Qazsport телеарнасы Олимпиада күніне тікелей эфирін арнап, елордадағы урбан-фестивальді, құрама команданың Токиоға дайындығын және аймақтардағы сюжеттерді ел назарына ұсынды. Токио Олимпиадасының басталуына тура бір ай қалғанда өткізілген мерекені ел тұрғындары тікелей эфирден тамашалады.

«Мен күн сайын жаттығамын. Жаз кезінде де жаттығуды тоқтатпаймын. Біздің өз командамыз бар, аулалар болып жарысамыз. Біздің спортшылардың Олимпиададағы өнерін бәріміз де тамашалаймыз. Мен боксшыларға, Василий Левитке жанкүйермін», - деді жас баскетболшы Медет Төленбаев.

Бес олимпиада шығыршығы бес құрлықты білдіретіні секілді, мерекелік эстафетаны өткізуге еліміздің бес аймағы атсалысты. Олар қазақстандықтардың белсенді болып, спорт туралы жаңа дүниелермен танысуына, өз мүмкіндіктерін арттыруына себепкер болды.

Жақында Алматыда құзға өрмелеушілер арасында жарыс өтсе, Петропавлда Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың қатысуымен веложарыс болды, Өскеменде Ольга Рыпакованың қатысумен жеңіл атлетикалық жарыстар ұйымдастырылса, Ақтауда Әділбек Ниязымбетов пен Айбек Имашев бокс және дзюдодан шеберлік сабағын өткізді.




















«Баршаңызды Халықаралық Олимпиада күнімен құттықтаймын! Бұл қозғалысқа көптеген елдердің қатысатыны жақсы. Олимпиадалық көңіл-күй бүкіл жаз бойы сезіліп тұрса екен. Себебі спортшылар Токиға аттанады. Біздер, олимпиадашылар, барша қазақстандықтарды спортшыларды қолдауға шақырамыз. Олимпиадада сіздердің қолдауларыңыз бізге аса қажет», - деді Рио Олимпиадасының жүлдегері, боксшы Василий Левит.

16 шілде күні команданың алғашқы бөлігі Токиоға аттанады. Ал әзірге олимпиадашылар мен чемпиондар балалармен және жастармен кездеседі. Спортшылар қазақстандықтардың патриотизмді, спорт пен денсаулықты таңдайтынына сенімді.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда Қазақстан спортшылары Токио Олимпиадасына спорттың 26 түрінен 72 жолдама жеңіп алды.






























































Up