Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мектепте жыныстық сауаттылық пәні керек пе – министр жауабы

21 October 2021 20:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мектептерінде жыныстық сауаттылық пәнін енгізген жөн бе? Бұл сұраққа ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке «Қазақстан мектептерінде жыныстық сауаттылық пәнін енгізу уақыты жеткен жоқ па, сіз қалай ойлайсыз?» деген сауал қойылды.

«Мектеп бағдарламасында оқушылардың жас ерекшелігіне қарай жыныстық тәрбиеге қатысты тақырыптар берілген. Жыныстық тәрбие мәселесін айтқанда, тек мектеппен шектелмей ата-ананың рөлін ұмытпаған жөн. Және әр ата-ана өз баласымен осы тақырыпта сөйлескені жөн. Бұл өте жеке мәселе, яғни тиянақты болуды талап етеді. Сондықтан отбасында әкесі ұлымен немесе анасы қызымен оңаша талқылағаны жөн болар. Ол балаға да байланысты, кей бала әкесіне жақын, кейбірі керісінше анасымен сырласады. Жалпы аталған тақырыптың тәрбиелік мәні басым болғандықтан ата-ананың еркі мен жауапкершілігіне қалдырған жөн деп ойлаймын», - деп жауап берді Асхат Аймағамбетов.

Бұған дейін министр Көкшетау қаласында мектеп мұғалімі дәптерін ұмытып кеткен оқушылардың маңдайына «Дәптер» деп жазып берген оқиғаға қатысты пікір білдірді.



Up