Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Мәжіліс салық саласындағы өзгерістерге қатысты құжатты мақұлдады

25 May 2022 12:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекске және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірінші міндет – табиғи ресурстарды өндіруден түсетін кірісті күшейту.

Қатты пайдалы қазбалар бағасының динамикасы талданды. Мәселен, 2018-2022 жылдар кезеңінде биржалық металдар бағасы 40 пайыздан жоғары өсім көрсетті. Биржадан тыс пайдалы қазбалар (темір кені, хром кені, марганец және т.б.) орта есеппен 20%-дан 40%-ға дейін өсті. Осыны ескере отырып, биржалық металдар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелерін 50 пайызға, ал қалған қатты пайдалы қазбалар бойынша 30%-ға ұлғайту ұсынылады», - деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Оның айтуынша, салық жүктемесін ұлғайтумен қатар, геологиялық барлауды және жаңа кен орындарын ашуды ынталандыру бойынша қадамдар ескерілген.

«Халықаралық тәжірибені ескере отырып, рентабельділік деңгейі 15 пайызға жеткенге дейін, барлау және өндіру 2023 жылғы 1 қаңтардан кейін басталатын жаңа кен орындары бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босату ұсынылады», - деді министр.

Сонымен қатар құжатта цифрлық майнингке салық жүктемесін күшейту ескерілген.

«Келесі ұсынылып отырған өзгеріс – цифрлық майнингке салық салуды күшейту. Биылдың басынан бастап тұтынылған электр энергиясының 1 кВт-сағатына 1 теңге мөлшерінде цифрлық майнинг үшін төлем енгізілді. Электр энергиясының құны бойынша жүктемені теңестіру, сондай-ақ отандық электр энергиясына қатысты сараланған мөлшерлемелер ұсынылады. Электр энергиясының құны неғұрлым төмен болса, төлем мөлшерлемесі соғұрлым жоғары болады. Бұл ретте, қайта қалпына келетін көздерден өзі өндірген электр энергиясы үшін қолданыстағы деңгейде төмендетілген мөлшерлемелер қарастырылған», - министр.

Оның сөзіне қарағанда, Еуразиялық экономикалық одақ аясында темекі өнімдеріне арналған акциздердің мөлшерлемелерін үйлестіру жөніндегі міндеттемелер қабылданды. 2024 жылы темекіге акциз кемінде 28 евро деңгейінде белгіленуі тиіс. Міндеттемелерді орындау үшін темекіге акциздерді кезең-кезеңімен көтеру ұсынылады. Темекі өнімдерінің басқа түрлері бойынша, соның ішінде қыздырылатын темекісі бар өнімдерге акциздерді кезең-кезеңімен ұлғайту ескерілген.

Мұнымен қоса, қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге салық жеңілдігі қарастырылып отыр.

«Мемлекет басшысы қаңтар айындағы оқиғалар кезінде келтірілген залалды өтеу, бизнеске жәрдем көрсету туралы тапсырма берді. Аталған жұмыс барысында салық салу мәселелері бар. Сондықтан алынған өтемақы сомасы бойынша кәсіпкерлерге салық міндеттемесін болдырмау мақсатында осы мәселені реттеу нормалары ұсынылады», - деді Ә. Қуантыров.

Бұдан бөлек, ол интернет саласындағы салық салу жүйесіне қатысты ұсынысты айтты.

«Интернетпен қамтамасыз ету үшін жаңа технологиялар көбірек қолданылып жатыр. Соның бірі – геостационарлық емес спутниктік байланыс жүйелері. Салық кодексінде осындай байланыс түрі үшін 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем белгілеу ұсынылады»,- деді министр.

Салық саласындағы әкімшілендіру аясында қосылған құн салығы бойынша, сондай-ақ мүліктік табыс бойынша декларацияларды тапсыру бөлігінде нақтылаушы нормалар ұсынылған.


Up