Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мал шаруашылығында қиындықтар неден туындады – Маңғыстау әкімі орынбасарының пікірі

22 October 2021 13:27

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары тұрғындарды мал шаруашылығы ісіне аса жауапкершілікпен қарауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов айтты.

Оның сөзінше, Маңғыстауда ауыл шаруашылығымен айналысу үшін әлеуетті ғана емес, тәуекелдерді де ескерту шарт.

«Малдың жайылатын өрісінің ауыспауы, жердің деградацияға ұшырауы, жаңбырдың аздығы, кәнігі малшылардың азаюы. Қазіргі кезде азаматтардың орталықта тұрып кәсіп қылмай малды жалдап баққызу ауыл шаруашылығындағы мәселелердің туындауына себеп болып отыр. Мал шаруашылығымен айналысу ісіне аса жауапкершілікпен қарауымыз тиіс», - деді Ғалымжан Ниязов.

Облыс әкімінің орынбасары мал шаруашылығына саналы түрде кірісу керектігін айтты.

«Шаруаның көбі малды жайылымда бақылаусыз қалдырады. Малдың азығын қамтамасыз ете ала ма, жоқ па, оны да алдын-ала қарастырмайды. Сондай-ақ, жергілікті климатта өмір сүре алатын малды ұстау қажет. Мұны ескеру маңызды. Өз малын өсіріп, аман сақтап қалу мақсатында өзі жұмыстануы керек. Тікелей өз міндетін мемлекетке жүктеген дұрыс емес. Әр адам өзінің жеке меншігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс», - деді Ғалымжан Ниязов.

Ғалымжан Ниязов қысқы мал азығымен қамту үшін бюджеттен бөлінген қаржы туралы ақпарат берді.

«Қысқы мал азығымен қамту үшін бюджеттен «Каспий» ӘКК-на 2,1млрд. теңге қайтарымды қаржы 0,1 пайызбен келесі жылдың сәуір айына дейін бөлінді. Қосымша 3,2 теңге қаржы қаралды. Қаржыны алу үшін аудан әкімдіктері төрт түлік малдың санына қарай өздерінің операторларын ұсынып қаржыларын алып жұмыстарын істеп жатыр. Ескере кететін жайт, оператор қаржыны алу үшін міндетті түрде жылжымайтын және жылжитын мүлкін кепілдікке қоюы тиіс», - деді Ғалымжан Ниязов.

Үкіметтің қолдауымен резервтен аналық мал басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 1,9 млрд. теңге қаржы бөлінді. Малдың аналық басын түгендеу бойынша аудандық комиссиялар тіркеген 4 шаруашылықтың және 553 жеке азаматтың малының жоқтығы анықталды. Қазір ауыл әкімдіктерінің комиссия актілерінің қорытындысы мен аудан, қала әкімдерінің өкімімен құрылған комиссия шешімдеріне сәйкес, 733 шаруа қожалығына және 6776 жеке азаматтардың 281089 төрт түлік аналық малына 1 млрд 248 163 теңге көлемінде тегін көмек көрсетілді.


Up