Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылордада коронавирус жұқтырғанына қарамастан қыдырып жүргендер айыппұл төлейді

27 October 2021 13:40

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында «Ashyq» жүйесі арқылы үй карантині мен оқшаулану тәртібін бұзған 1129 адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс көлемінде «Ashyq» жүйесі арқылы үй карантинінде оқшаулану тәртібін бұзған 1129 азамат анықталды.

Оның ішінде 736 адам «қызыл», 398 адам «сары» мәртебеге ие.

Оқшаулау режимін бұзушы «қызыл» мәртебедегі 202 адамға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Оларға 8 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Анықталған «сары» мәртебедегі 226 адамға қатысты санитариялық-індетке қарсы профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы қаулы ұсынылды.

«Департаментте қызмет атқаратын эпидемиологтар күн сайын коронавирустың эпидахуалына мониторинг жүргізеді. Қай контингент арасында инфекция басым түрде анықталғанын саралап, оның себебі қандай екендігін зерделейді. Белгілі болғандай, қатерлі індетті жұқтырудың жоғары көрсеткіші жұмыссыздар, зейнеткерлер, мектеп оқушылары мен кәсіпкерлік нысанның вакцина алмаған жұмыскерлері арасында анықталып отыр. Ал егілуге тиіс контингент арасында індетке шалдығу деңгейі өте төмен. Олардың қатарында медициналық қызметкерлер, педагогтар, күш құрылымдары қызметкерлері бар. Бұл вакциналаудың коронавирусқа қарсы тиімділігін дәлелдеп отыр», - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова.

Ведомство мәліметінше, бүгінгі күні вакцинаның 1-компонентімен егілгендер саны - 358 706 адам, бұл тиісті контингенттің 78,8% құрайды. Ал вакцинаның толық курсынан өткен тұрғындар саны 286 448 адамға жетті, ол - тиісті контингенттің 63,3 пайызы.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қармақшы ауданында екпе қабылдауға қабілетті тұрғындар толықтай вакцина салдырды.


Up