Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылорда облысында күзгі егін жинау жұмысы толығымен аяқталды

21 October 2021 21:25

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында күзгі егін жинау жұмыстары толығымен аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс диқандары биыл су тапшылығына қарамастан өз деңгейінде егін екті. Нәтижесінде өткен жылғы деңгейде өнім алуға қол жеткізілді.

«Егін жинау науқанына шаруашылықтар меншігіндегі 4266 ауыл шаруашылығы техникасы қатысты. Бүгінгі күні егілген 83 570 гектар күріш көлемі толық жиналып, орта өнімі 59,8 центнерден айналды. Күзгі егін жинау науқанының аяқталуына байланысты 22-23 қазан күндері жылдағы дәстүр бойынша «Алтын дән-2021» шарасы өткізіледі. Облыс диқандары ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жоғары өнім алуға қол жеткізді. Өндіріс озаттары 22 қазан күні «Алтын дән-2021» шарасы аясында марапатталады. Сондай-ақ, 23 қазанда сағат 8:00-ден бастап барлық ауданның қатысуымен Қызылорда қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Жәрмеңкеде барлығы 340 көлікпен жеткізілген 1044 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағада сатылады.

Осы күні қалалық ипподромда ұлттық ат спорты түрлерінен бәйге жарыстары өткізіледі.

Еске салсақ, Қызылордада азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға назар аударылды.


Up